US Open-2026 турнирінің әйелдер арасындағы финалында Елена Рыбакина мен Арина Соболенконың ойынын әлемге танымал ондаған жұлдыз трибунадан тамашалады. Көрермендер қатарында Брэд Питт, Пэрис Хилтон, Ирина Шейк, Пинк, Эми Адамс, Элизабет Бэнкс, Рами Малек, Эндрю Гарфилд және басқа да атақты адамдар болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желі қолданушыларының назарын әсіресе Брэд Питтің ойынды қалай тамашалағаны аударды. Ол матч бойы тартысты сәттерге ерекше эмоция білдіріп отырды.
Рыбакина жеңіске жеткеннен кейін актер қазақстандық теннисшіге қол соқты.
Суреттер: AP
Трибунадан Ирина Шейк, Джессика Честейн, Спайк Ли және басқа да танымал қонақтар көрінді.
Финалға спорт әлемінің аңыздары да келді. Олардың қатарында Мария Шарапова, Габриэла Сабатини, Дженнифер Каприати, Билли Джин Кинг және басқа да әйгілі теннисшілер болды.
Матчтан кейін чемпиондық кубокты Рыбакинаға Мария Шарапова табыстады.
Финалда Рыбакина Соболенконы үш сетте 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді.
Бұл – қазақстандық теннисшінің US Open-дегі алғашқы чемпиондық атағы және мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесі.
Бұған дейін Рыбакина 2022 жылы Уимблдонда және 2026 жылы Australian Open турнирінде топ жарған.
Осы турнирден кейін ол мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Нью-Йорктегі жеңісі үшін Рыбакина 5,5 миллион доллар, яғни 2,4 миллиард теңгеден астам сыйақы алды. Бұл – кәсіби теннис тарихында бір турнир үшін берілген ең ірі жүлде.