Саяси жаңалықтарды таратып жүрген журналист ретінде алдыңғы буын өкілдерінің естеліктеріне жиі құлақ түреміз. Сондай сәттерде бұрынғы журналистер білімдірек, ықпалдырақ, ал шенеуніктер ашығырақ әрі кәсібилігі жоғары болғандай әсер қалдырады. Қазіргі таңда «жалақың қанша?» деген сұрақтың төңірегінен аса алмай жүрген жас журналистерді көргенде кейде еріксіз жымиып қоясың.
Әрине, бұл үшін оларды кінәлаудан аулақпын. Әр буын өз дәуірінің жемісі. Бірақ... Бүгінгі жастар журналистиканың күні кеше ғана қоғамда батпандай ізі, мызғымас миссиясы, өлшеусіз салмағы болғанын біле ме?
Осы мәселені тереңірек қазбалау үшін «ескі мектептің» өкілдеріне жүгіндім. Бірқатары түрлі себептермен сұхбат беруден бас тартты. Ал төменде пікір білдіруге келіскен әріптестерім бүгінгі журналистиканың жай-күйі, кәсіби трансформация жайлы өз ойларын бүкпесіз бөлісті.
ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНЕН КЕЛГЕН БІР ТІЛІМ ХАТ
Фатима Қосаева 1990-жылдардың соңында BBC-дің Орталық Азия және Кавказ қызметінде стрингер болып жұмыс істеді. Кейін экономикалық тақырыптарды жазып, үкімет пен парламент жұмысын тұрақты түрде жариялап жүрді.
– Ол кезде журналист пен билік арасындағы байланыс ашық болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, халықаралық шараларда БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін. Шетелдік сапарларға мемлекеттік емес ақпарат құралдарының журналистері де бірге баратын. Ең бастысы, сұрақтар алдын ала келісілмейтін. Тек 2010-жылдардың ортасына қарай ғана сұрақтарды шектеу әрекеттері байқала бастады. Ал 1990-жылдары еркіндік әлдеқайда көбірек болатын, – дейді әріптесім.
Фатима сол кезеңдегі еркіндіктің деңгейін көрсететін бір оқиғаны еске алды. Баспасөз мәслихаттарының бірінде The Wall Street Journal газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі Стив Ливайн президент Нұрсұлтан Назарбаевтан сол кезде кеңінен талқыланған «Азиопа» интернет-ресурсының артында оның күйеу баласы Рахат Әлиев тұрғанын білесіз бе деп сұраған. Ол кезде Рахат Әлиев елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі еді.
– Мұндай сұрақтардың қойылуының өзі сол кездегі баспасөз мәслихаттарының қаншалықты еркін өткенін көрсетеді, – дейді Фатима.
Фатиманың айтуынша, министрлер мен депутаттар журналистерді аты-жөнінен танып, олардың жазу мәнеріне дейін жатқа білетін. Кейбірі ақпаратты өздері ұсынып, сұхбат беруден қашпайтын.
Бірнеше жыл бойы Фатима әріптесіміз Ирина Петрушова шығаратын «Республика» газетінде жұмыс істеді. Бұл басылымда шенеуніктерден, депутаттардан және саясаткерлерден сұхбат алып, қоғамдық-саяси тақырыптарды тұрақты түрде жазып жүрді.
Ф.Қосаеваның жеке архивінен
– Кейіпкерлеріммен кейде дәлізде, кейде лифт ішінде сөйлесіп, сол жерде сұхбатқа келісіп кететінмін. Геология министрі Серікбек Дәукеевпен де, Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен де осылай тілдескен едім. Ал Президент әкімшілігінің басшысы Нұртай Әбіқаев сұхбаттан бас тартса да, ресми әрі сыпайы жауап хат жолдаған еді, – деп еске алады.
ЖУРНАЛИСТЕР ОЛАРДЫ НЕ ҮШІН СЫЙЛАДЫ
Фатиманың сөзінше, мұнай-газ және энергетика саласының басшылары Нұрлан Балғымбаев, Сауат Мыңбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ұзақбай Қарабалин және Владимир Школьник журналистер үшін әрдайым қолжетімді тұлғалар болды. Өйткені олар кез келген уақытта, кез келген жағдайда сұрақтарға жауап беруге дайын болатын. Тіпті ыңғайсыз сұрақтың өзінен дипломатиялық жолмен сытылып шыға білетін.
– Бірде әріптесім екеуміз Владимир Школьникті парламент асханасында бәліш жеп отырған жерінен «ұстап» алдық. Сұрақтарымыздан әзілмен құтылмақ болып, бәліштерін бізге ұсынып, тіпті ауызымызға тықпалауға дейін барғаны әлі есімде, – дейді ол күліп.
Фатиманың айтуынша, журналистер сол кезде баспасөз қызметтерімен тиімді байланыс орнатып, эксклюзив ақпаратқа қол жеткізе алатын. Ақпарат алу тек баспасөз мәслихаттарымен шектелмейтін. Қажетті мәліметті телефон арқылы да, ресми сауалдарға берілген жауаптар арқылы да алу мүмкіндігі болған.
– Кейбір министрлер журналистерге арнайы түсіндіру кездесулерін өткізетін. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Гүлжан Қарағұсова мен экономика және қаржы салаларын басқарған Бақыт Сұлтанов жұма күндері бірнеше журналисті кабинетіне жинап алып, экономика, еңбек қатынастары мен зейнетақы жүйесінің қыр-сырын егжей-тегжейлі түсіндіретін, – дейді ол.
Фатима 1990-жылдардың басында ең беделді басылымдардың бірі «Казахстанская правда» болғанын айтады. Кейін жекеменшік БАҚ қалыптасып, «КТК», «Караван», «Время», «Деловая неделя», «Панорама», «Информбюро» секілді ақпарат құралдары аудитория үшін ғана емес, шенеуніктер мен депутаттар үшін де маңызды алаңға айналған. Шенеуніктер бұл басылымдар мен телеарналарда жағымды қырынан көрінуге тырысатын, ал сын садағына ілінуден қауіптенетін.
– Қазір кейбірін ұмытып кетсем, әріптестерім кешірер деп ойлаймын, – дейді Фатима.
Оның пайымынша, еркін журналистиканың әлсіреуі 1998 жылы телерадио жиіліктеріне арналған тендерден кейін айқын байқала бастады. Сол тендердің нәтижесінде марқұм Розлана Таукина құрған «Тотем», Сергей Дувановтың ТВ-М арнасы және Ирина Черноловская-Кациева жетекшілік еткен «Семейный канал» сияқты телеарналар эфирден кетті.
– Осы кезеңнен бастап еркін журналистика біртіндеп шегіне бастады деуге болады. Соның салдарынан БАҚ-тың қоғамдық-саяси өмірдегі әсері біртіндеп төмендей берді. Бұл үрдіс әсіресе 2008 жылдан кейін қарқын ала бастады, – дейді ол.
ШЕНЕУНІКТЕР КІМНЕН ӘЛДЕ НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?
Фатимадан кейінгі буынның өкілі – Анар Бекбасова. Ол 2012–2022 жылдар аралығында интернет-журналистиканың қарқынды даму кезеңін де, кейінгі өзгерістерін де көрді. Осы жылдары Парламент пен Үкімет жұмысын тұрақты түрде жариялап жүрген журналистердің бірі.
– Осыдан он жыл бұрын Парламентте аккредитациясы бар журналист Мәжіліс ғимаратына еркін кіріп, депутаттарға сұрақ қоя алатын. Спикер немесе Дариға Назарбаева секілді арнайы күзетпен жүретін тұлғаларды қоспағанда, депутаттарға тікелей барып, сұхбат алу қалыпты тәжірибе еді. Комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына еркін қатысып, сұрақ қойып, аудио және видео жазба жасауға мүмкіндік болатын. Қазір мұның бәрі ертегі секілді көрінеді, – дейді ол.
Осы тұста айта кету керек, қазір Парламент, Үкімет үйі мен Ақорда орналасқан аумақты арнайы жасақ қоршауға алған. Ары-бері өткен адамдардан рұқсат қағазы талап етіледі. Ал жиынға асыққан журналистер мұндай қатаң тексерістің кесірінен жұмыстарының бөгелетінін әредік жазып жүр. Хош, кейіпкерімізге қайта оралсақ.
Анардың «31 арна» мен «Рательде» жұмыс істеген кездері менің есімде. Әсіресе, «Рательдің» өткір сұрақтары шенеуніктерді жиі тығырыққа тірейтін.
– Олар менен қорықты деп ойламаймын. Олар ыңғайсыз сұрақтан қашатын, тура қойылған сұраққа ренжитін. Өйткені ондай сұрақтарға нақты жауап беруге көбінің кәсіби деңгейі жетпейтін. Басқарып отырған саласын терең білмейтін. Кейбірінің тәрбиесі мен мәдени болмысында мораль мәселесі бар еді. Кей жағдайда жемқорлық шындықты ашық айтуға мүмкіндік бермейтін. Ал ең оңай жол, ол әңгімені басқа арнаға бұрып, Назарбаевты мақтай жөнелетін еді. Бірақ нақты сұрақ қойсаң, қабақтары бірден түйілетін, – дейді ол.
Анардың жазу стилі де өзгеше болатын. Оның мәтіндері көбіне диалог арқылы өрбіп, жеңіл оқылатын. Тележурналистикадан келген маман ретінде ол оқиғаны мәтін арқылы көз алдыңа әкеліп, кейіпкерлерді тірілтіп жіберетін. Материалдарын оқығанда кадрлар тізбегін көріп отырғандай әсер аласың. Детальға мән беру мен көріністі дәл суреттеу – тележурналистерге тән қасиет.
Сурет Анардың Фейсбук парақшасынан. Жоғарыда солдан оңға қарай бірінші тұрған мен. Ортада 31-арнаның микрфонымен Анар Бекбасова. 2016 жыл. Ақорда
ТЕНДЕР НАРЫҒЫ
Мен де Анар секілді 2012–2019 жылдары саяси жаңалықтар репортері болып жұмыс істедім. Ол кезде сайт журналистері болғанымен, қазіргідей көп емес еді.
– Бұл жерде мәселе БАҚ санының көбеюінде емес. БАҚ көбейгенімен, журналистика күшейді ме деген сұрақ маңызды. Меніңше, ақпарат құралдарының көбеюі көбіне мемлекеттік тапсырыс пен тендер нарығының ұлғайғанын көрсетеді. Ал журналистиканың сапасы төмендеп кетті. Журналисттің еңбегі құнсызданды. Елдегі саяси ортада еркіндік жоқ. Оның әсері журналистикаға да тиіп жатыр. Кәсіби деңгей төмендеп, редакциялардағы шығармашылық орта мен журналистік мектептер жойылып барады, – дейді Анар.
Анар 2019 жылғы президент сайлауына дейін журналист ретінде ақпарат таратып жүрді. Кейінгі сайлауларда бақылаушы ретінде қатысқан. Ал соңғы екі сайлауда сайлау учаскесіне мүлде бармағанын айтады.
Анар секілді мамандардың журналистикада қалуын іштей қалайсың. Сондықтан оған мына сұрақты қоймау мүмкін емес еді:
– Журналистикаға қайта оралу ойыңызда бар ма?
– Қазақстанда сөз және ой еркіндігі үшін жауапкершілікке тартылмайтын күн туса, бәлкім.., – деп қысқа қайырды.
САЯСИ ШЕШІМДЕР МЕН ХАЛЫҚ
Ал Азамат Ерғалиевпен бір телеарнада аз уақыт болса да бірге жұмыс істегенмін. Сол кездің өзінде оның журналистік шеберлігіне қызығатын едім. Бұл жолы да ойы өзгеше шықты.
– Паркеттік түсірілім – өз алдына бір өнер. Бірнеше спикерден пікір алып, жаңалық жасауға болады. Бірақ ол көбіне күнделікті күйбең жұмысқа айналады. Ал маған репортаж жанры жақын. Өйткені іссапарға жиі шығасың, шалғай өңірлерге барып, түрлі тағдырлармен жүздесесің. Саясаткерлер мен сарапшылардың пікірі ақпараттық кеңістікте онсыз да жеткілікті. Бізге шынайы өмірден алынған оқиғалар жетіспейді. Адамдардың мемлекеттік саясатты қалай қабылдап жатқанын, саяси шешімдердің олардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын репортаж арқылы ғана боямасыз көрсетуге болады. Мен өзімді ең алдымен репортер деп санаймын, – деді ол.
Оның пікірінше, «паркеттегі» тілшілер ел ішіндегі шынайы ахуалды толық сезіне бермейді. Жылы кабинетте отырып, баяғы спикерлердің пікірін жазумен шектеледі. Халықты не толғандыратынын, өңірлерде қандай мәселелер қордаланып жатқанын білмейді. Ауылдарда не болып жатыр, саяси өзгерістерді шалғайдағы жұрт қалай қабылдайды, бұл жағы оларға беймәлім.
– Журналистердің көбі Астанада қалып, үкімет пен парламентті жағалауға бейім. Ел аралап, халықтың ортасында жүргісі келетіндер аз. Шынын айтсам, астаналық тілшілерден гөрі аудандық газет-журналдарда істейтін журналистерді көбірек сыйлаймын. Өйткені олар халықтың мұң-мұқтажын жақсы біледі, шынайы ахуалдан хабардар. Егер детальды түрде соны зерттеп отырған паркет журналисі болса, онда кім біледі, мүмкін біздің ақпарат кеңістігімізде басқа бір ерекше БАҚ болушы еді деп ойлаймын.
Журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде сараптамалық материал жазатын санаулы ғана журналисті білем. Солардың бірі – Анар Каринтаева. Талай маңызды жобаларды жүзеге асырған, кәсіби деңгейі жоғары маман, – дейді Азамат.
Азамат атап өткен Анар – менің журналистикадағы ұстазым. Сараптамалық журналистиканы дамытып, бірнеше тілшінің кәсіби қалыптасуына әсер еткен санаулы мамандардың бірі.
Сурет Азаматтың Фейсбук парақшасынан. Зайсан көлі. ШҚО
Халық жайлы әңгіме қозғалған соң, Азаматтан қарапайым азаматтардың саяси жаңалықтарды қалай қабылдайтынын сұрадым.
– Халық саясатты көбіне қарапайым қабылдайды: мынау жақсы, мынау жаман, анау ескі, анау жаңа деген секілді. Қарапайым адамның саясатты терең талдап отыруға уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Олардың негізгі уайымы – күнкөріс. Несиемді қалай жабамын, отбасымды қалай асыраймын деген мәселелермен жүр. Сондықтан саясат көпшілік үшін күнделікті өміріне тікелей әсер еткен кезде ғана маңызды бола бастайды, – дейді ол.
НАҒЫЗ САЯСАТТАНУШЫЛАРҒА СҰРАНЫС ЖОҚ
– Қазір халық жаңалықты ақпарат ретінде емес, контент ретінде қабылдайды. Бала күнімде әкем жұмыстан келе сала газет оқып, теледидардан жаңалық қарайтын. Ал қазір адамдардың көбі TikTok пен Instagram ақтарады. Оларға елде не болып жатқаны емес, әлеуметтік желідегі контент қызығырақ. Ең көп қаралатын дүниелердің өзі көбіне қоғамдық маңызы аз, жеңіл-желпі тақырыптар, – дейді ол.
Азаматтың айтуынша, мәселе тек аудиторияның талғамында емес. Ол паркеттік журналистиканың да, репортаж жанрының да болашағына күмәнмен қарайды. Егер қазіргі үрдіс өзгермесе, ақпараттық кеңістікте журналистердің орнын біртіндеп блогерлер басуы мүмкін деп есептейді.
– Қазірдің өзінде президенттің жанында журналист емес блогер жүр емес пе, – дейді ол.
Оның пікірінше, бүгінгі таңда саяси контентке жоғары деңгейде сұраныс жоқ.
– Нағыз саясаттанушы кім десе, екі-ақ адамның атын атай аламыз. Қалғандарының көбі – хайп қуған блогерлер мен өзін сарапшы санайтындар. Ал сапалы саясаттанушылар аз. Неге? Өйткені оларға сұраныс жоқ. Сұраныс болса, саясаттанушылардан нарратив қалыптасар еді. Қоғамдық дискурс пайда болар еді. Ал саясаттанушылар болмаған жерде терең талдау да болмайды. Соның салдарынан ақпарат құралдары маңызды тақырыптардың орнын басқа дүниелермен толтырады, – деп түйіндеді ол.
МИНИСТРЛЕР БІЗДЕН АЛЫСТАП КЕТТІ
Қазір «паркетте» жүрген журналистердің бірі – Жәния Уранқаева. Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі ең танымал саяси шолушылардың бірі. Жәния өзінің күнделікті жұмысын Instagram мен Telegram желілерінде тұрақты түрде көрсетіп отырады. Жәния соңғы бес-алты жылда көп нәрсе өзгергенін айтады. Соның ішінде, журналистиканың жұмыс тәсіліне ең қатты әсер еткен оқиға – пандемия.
– Пандемия кезінде журналистер қашықтан жұмыс істеді. Сол уақыттан бері көптеген шенеунік журналистерден біртіндеп алыстай берді. Бетпе-бет сұхбаттардың азаюы кейбіріне тіпті қолайлы болған сияқты, – дейді ол.
Сурет Жәнияның Инстаграм парақшасынан
Елордадағы саяси журналистикада болған тағы бір маңызды өзгеріс – Үкіметтегі кулуарлық кездесулердің жойылуы. Көп жылдар бойы журналистер әр сейсенбі сайын Үкімет ғимаратына жиналып, министрлерге күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қоятын. Алайда Әлихан Смайылов премьер-министр болған кезеңде (2022 жыл 11 қаңтар – 2024 жыл, 5 ақпан) бұл тәжірибе біртіндеп шектеле бастады. Ал Олжас Бектеновтің тұсында мүлде тоқтады.
– Қазір Үкіметтің апталық брифингтері өтеді. Бірақ оған қоғамды алаңдатқан мәселелерге жауап беретін министрлер емес, көбіне Үкіметтің ресми күн тәртібіне қатысты баяндамашылар ғана шығады. Соның салдарынан көптеген маңызды сұрақ жауапсыз қалып жатады.
Мысалы, Ержан Сәденов министр қызметіне кіріскелі бері Үкіметтегі бірде-бір брифингте журналистер алдына шыққан жоқ. Ал Шыңғыс Әрінов журналистермен соңғы рет 2024 жылы кездескен. Кейде Үкіметтің баспасөз мәслихаттарына министрлердің өзі емес, тек вице-министрлер қатысады. Олар өздеріне жүктелген бағыттар бойынша ғана жауап бере алады. Жалпы, соңғы жылдары Үкімет мүшелерінің бір бөлігі қоғам мен БАҚ үшін қолжетімсіз болып барады, – дейді ол.
САЯСИ ИНТРИГА ҚАЛМАДЫ
Жәнияның айтуынша, министрлер мен депутаттардың жауап беру мәнері де айтарлықтай өзгерген. Қазір нақты сұраққа нақты жауап алу барған сайын қиындап барады. Көп жағдайда спикерлер мәселенің мәніне бірден көшпей, артық сөзге салынып, айналсоқтап жауап береді. Олардың кәсіби дайындығы мен саланы қаншалықты меңгергені кеңестер мен отырыстар барысында да байқалып қалады. Қауіпсіз тақырыптар жөнінде еркін сөйлейтін, бірақ күрделі әрі өткір мәселелерге келгенде жауапкершілікті өз мойнына алып пікір білдіруден қашқақтайтын спикерлер көбейген.
Саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген Жәниядан алдағы Ұлттық құрылтай туралы да сұрадық.
– Құрылтайға келсек, бұрынғыдай саяси интрига қалмады. Жаңа парламентте билікке жақын екі партия – «Amanat» пен «Әділет» қатар жұмыс істейді деген болжамдардың күлі өткен аптадағы бірігу туралы жаңалықтан кейін көкке ұшты. Елең еткізерлік жаңалық күтпеймін. Дегенмен парламент ашық жұмыс істеп, Құрылтай шынайы пікірталас алаңына айналады деп күтеміз, – деді ол.
ҚАРАҢҒЫ ҚОЙМАҒА АЙНАЛҒАН БРИФИНГ ЗАЛЫ
Дана Саудагерова – The Ivy League жүйесіне кіретін университеттің түлегі, журналистикада 20 жылдан астам тәжірибесі бар маман. Columbia University-де коммуникациялар саласы бойынша магистр дәрежесін алған.
Сурет Дананың Инстаграм парақшасынан. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі. 2018 жыл. Ақ үй
Коммуникация саласында жүрген Дана шенеуніктер мен журналистердің қарым-қатынасы жайлы сөз қозғады:
– Кезінде Батыс Қазақстан мен Тараздағы терактілер кезінде Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметтерімен күні-түні байланыста болдық. Олар ақпарат беруден ешқашан бас тартпайтын. Қоңырауға жауап бермеу, ұзақ күттіру деген болмады. Қолдарындағы мәліметті кідіріссіз ұсынып отырды.
Жақып Асанов Бас прокурор болған кезеңде ведомство журналистерге барынша ашық еді. Бас прокуратура тұрақты түрде баспасөз мәслихаттарын өткізіп, БАҚ өкілдері үшін қолайлы жағдай жасаған болатын. Үлкен әрі ашық баспасөз орталығы жұмыс істеді. Бірер жыл бұрын сол орталыққа қайта бардым. Бірақ бұрынғының жұрнағы да қалмапты. Кезінде журналистерге арналған кеңістікті қоймаға (қажетсіз заттар жинайтын-ред.) айналдырып жіберген екен, – дейді.
Дана қазір ақпараттық кеңістікте бірізділік басым дейді. Мемлекеттік немесе билікке жақын ақпарат құралдарын ашсаңыз, көбінің жазатыны бір тақырып, бір мазмұн, бір акцент.
– Президент әкімшілігі берген нұсқауға сай ақпарат таратылып жатқанын түсінесің. Ақордаға бағынышты анонимді Telegram-арналар да бар. Олар ашық айта алмайтын дүниелерін сол арналар арқылы жеткізіп отырады. Дәлеліміз жоқ, бірақ ақпараттық ортадағы әңгімелерден қай арнаның кімге тиесілі екенінен хабардармыз, – дейді ол.
МЕДИА ӨНІМ ТҰТЫНУ МӘДЕНИЕТІ
Дана үшін қазір негізгі ақпарат көздерінің бірі – Telegram. Ал қандай да бір оқиғаның мән-жайын тереңірек білгісі келсе, ресми сайттар мен Facebook желісіне жүгінеді. Ол жақта түрлі көзқарастағы журналистер, саясаттанушылар мен сарапшылар бар. Олардың пікірлерін салыстырып оқып, өзі қорытынды жасайды.
– Ал бір тақырыпқа тереңірек үңілгім келсе, YouTube-қа жүгінемін. Бірақ соңғы уақытта бұл платформаны да сирек қарайтын болдым. Өйткені онда да бақылау мен цензураның күшейгені байқалады, – дейді.
Дананың пікірінше, халықтың саяси өзгерістерге қызығушылығы соңғы он жылда аса өзгере қойған жоқ. Он жыл бұрын ақпарат көздері мен ақпараттық шу әлдеқайда аз еді. Әлеуметтік желілер бүгінгідей ықпалды болған жоқ. TikTok пен Threads секілді платформалар әлі пайда болмаған. Ал технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медиа өнімдерді тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертті. Адамдар ақпаратты жылдам қабылдап, жылдам ұмытады. Клиптік ойлау күшейді. Кеше ғана қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаның өзін арада бірер күн өткен соң еске түсіре алмай жатамыз.
– Бірақ халық саяси өзгерістерге немқұрайлы қарайды деуге келмейді. Бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың өткір мәлімдемелері, шенеуніктерге айтқан сыны немесе кейбір әзіл-қалжыңдары қоғамда қызу талқыланатын. Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ескі Қазақстан» туралы мәлімдемелері де жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Оның бәрі жасанды емес, табиғи қызығушылық еді. Ал қазір Ақордадан тараған тезистер барлық ақпарат құралдарында жаппай жарияланады. Бірақ көпшілік оған бұрынғыдай назар аудара бермейтін сияқты, – дейді ол.
ОЛАРҒА ЖУРНАЛИСТЕРМЕН СОТТАСҚАН ЖЕҢІЛ
Дана соңғы жылдары мемлекеттік аппараттың стратегиялық коммуникацияға және қоғаммен жүйелі байланыс орнатуға деген сұранысы әлсірегенін айтады:
– Бізде «пиар» сөзінің өзіне жағымсыз көзқарас қалыптасқан. Негізінде PR – public relations, яғни қоғаммен байланыс. Кез келген саясаткер қоғаммен тұрақты әрі сапалы байланыс орнатуы керек. Өкінішке қарай, кейбір шенеуніктер пиарды Instagram парақшасын жүргізумен ғана байланыстырады. Әлеуметтік желіге толассыз сторис, түрлі карусельдер жариялауға кіріседі, -дейді ол.
Сурет Дананың Инстаграм парақшасынан
Жуырда әкімдердің жүріс-тұрысы мемге айналып, «Елім деп соқсын жүрегің» әнімен түсірілген пафосқа толы видеолар тарап кетті. Дана осыған қарап –ақ, көптеген шенеунік үшін имидж қалыптастыру Instagram-нан әрі аспайтынын түсінуге болатынын айтады.
– Жалпы бізде көзге көп түспеген дұрыс деген тенденция бар. Президент әкімшілігінде өзгелерден ерекшеленгісі келетін әкімдер мен министрлерге теріс қарайды деген пікір бар. Сондықтан көпшілігі өз имиджімен жүйелі айналыспайды, барынша ұстамды болуға тырысады. Өңір әкімдері жарты жылда бір рет облыстық газетке сұхбат беруі мүмкін. Ал орталық мемлекеттік органдардағы шенеуніктер «Казахстанская правда» немесе «Айқын» сияқты дәстүрлі басылымдарға сұхбат берумен шектеледі. Меніңше, бұл жерде саяси ерік-жігердің жетіспеуі де байқалады. Қорытындылай айтқанда, бірнеше себебін жіктеп шығуға болады. Біріншісі – саяси технологтар мен кеңесшілердің кәсіби деңгейі. Екіншісі – пиарды тек әлеуметтік желідегі парақша жүргізумен шектеу. Үшіншісі – қоғаммен байланыс пен имидждің маңызын түсіне тұра, жоғары жаққа жақпай қалудан қауіптеніп, белсенді әрекетке бармау, – дейді Дана.
Дананың айтуынша, ақпараттық кеңістікте бақылау мен цензура күшейген. Журналистердің жазғаны жіті қадағаланады. Көптеген саясаткерлер өздері туралы жағымсыз материал жарияланады деп қатты алаңдамайды да. Кей жағдайда қоғаммен байланыс орнатқаннан гөрі, журналистермен соттасқанды оңайырақ көрінетіндей әсер қалдырады.
– Жеке тәжірибемнен айтсам, 2-3 жыл бұрын, әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін дағдарыстық коммуникациялар, БАҚ-пен байланыс жөніндегі тренингтерге сұраныс көбейген. Әкімдіктер, мәслихаттар, министрліктер – барлық мемлекеттік аппарат, ұлттық компаниялар сол тренингтерге жаппай ден қойды. Бірақ кейін жоғары жақтан нұсқау өзгерді. Еркіндік шектеліп, бақылау күшейді. Сонымен бітті. Қазір дағдарыстық коммуникацияны меңгеруге мемлекеттік органдардан гөрі жеке компаниялардан ықылас көп. Мемлекеттік аппарат керек қылып жатқан жоқ. Олар бәрін үйреніп алды деген сөз емес, жай ғана БАҚ-пен арадағы мәселені басқа жолмен шеше бастады, – дейді ол.
Әңгімелескен журналистердің тәжірибесі әртүрлі болғанымен, олардың ойы бір жерден шықты. Ешқайсысы журналистиканың болашағына үкім шығарған жоқ. Мүмкін мәселе оның жоғалып бара жатқанында емес, өзгеріп жатқанында шығар. Ал сол өзгерістің ішінде кәсібінің шын миссиясын ұғатын журналистер қала ма, жоқ па – міне, осы маңызды.