«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол 13 маусым күні өтіп жатқан партия съезінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саясаткердің айтуынша, мұндай қадамға баруына партия басшылығын жаңарту және ұйым ішінде монополияның қалыптасуына жол бермеу ниеті себеп болған.
Съезд делегаттарының алдында сөз сөйлеген Перуашев партия жаңа идеялар мен көзқарастарға әрдайым ашық болуы керектігін атап өтті.
«Біз бүгінгі шындықты өзгертіп жатқан оқиғалардың ортасында жүрміз. Бірақ монополия бұған кедергі келтіруі мүмкін. Ал монополияға қарсы ең тиімді құрал – басшылықтың мерзімді түрде ауысып отыруы. Сондықтан өз ішімізге тұйықталмау және жаңа идеялар мен серпіндерге жол ашу үшін партия төрағасы қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», – деді ол.
Перуашевтің мәлімдемесі партияның кезекті съезі аясында жасалды. Жиында партияның алдағы даму бағыттары мен жаңа басшылық құрамы талқылануы күтіледі.
Сонымен қатар, Азат Перуашев партия төрағалығына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
«Оның таланты, интеллекті, дұрыс шешім қабылдай білуі, батылдығы және өзгелер мүмкін емес деп санаған қадамдарға бірінші болып барудан қорықпайтын қасиеті партиямызға жаңа серпін мен оң өзгерістер әкеледі деп сенемін», – деді ол.
Әзірге Азат Перуашевтің орнына келетін жаңа басшы туралы ресми шешім жарияланған жоқ.