ҚазТАГ бас редакторы үйқамақтан қамауға ауыстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әмір Қасеновқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамақтың орнына қамауға алу туралы шешім шығарды.
Сот мәліметінше, Қасеновке 2025 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желілерді, интернетті және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынған үйқамақ шарасы тағайындалған. Бұл шектеулер іс сотқа түскеннен кейін де өзгеріссіз сақталған.
Алайда айыптау тарабының мәліметінше, Қасенов 2 және 15 маусым күндері қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты бейнеүндеулер жариялап, үйқамақ талаптарын бұзған. Сонымен қатар ол 11 маусымда өтуі тиіс сот отырысына келмеген.
Осы жайттарды ескерген сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, журналисті қамауға алу туралы қаулы шығарды.
Іс бойынша келесі сот отырысы 22 маусым күні сағат 10:00-де өтеді.
Бұған дейін Алматы соты «ҚазТАГ» бас редакторының үйқамақ мерзімін ұзартқанын мәлімдеген еді.
Контекст
Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.
10 маусымда Әмір Қасеновтың медиациялық келісімге келуге дайын екендігі туралы ақпарат тараған. Адвокат Сәлімжан Мусин бүгінгі сот отырысынан кейін журналистерге Қасеновтің «ақылға қонымды жағдайда келісімге келуге дайын екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын» айтты.
Маусымның басында үйқамақта отырған Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, соттың ашық өтуін талап еткен. Ол сот жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.