Түркиядағы зілзала: Қазақстанның СІМ жедел желіні іске қосты

Ulysmedia

Қазақстанның СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты өткен брифингте жедел желі іске қосылғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде 720500 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлаймыз. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа жақын арада Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары жарияланады. Келіп түскен барлық ақпарат қосымша тексеріледі», - деді ол.

Айбек Смадияров жер сілкінісі аймақтарындағы гуманитарлық апатты ескере отырып, іздеу-құтқару жұмысы біраз уақыт алатынын айтты.

«Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпарат болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу жоғарыда көрсетілген ҚР СІМ жедел желісіне, Түркиядағы дипломаттарға хабарлауды сұраймыз», - деді ресми өкіл.