ҚХР Мемлекеттік кеңесінің баспасөз канцеляриясы «Жаһандық басқарудың неғұрлым әділ әрі тиімді жүйесін қалыптастыру: Қытайдың тұжырымдамалары, бастамалары және әрекеттері» атты Ақ кітапты жариялады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Толығырақ
Синьхуа ақпарат агенттігінің жазуынша, құжаттың негізгі мақсаты — Қытайдың жаһандық басқару саласындағы ұстанымдарын, бастамалары мен нақты қадамдарын таныстыру, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықта ортақ түсіністі нығайтып, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге шақыру.
Ақ кітапта жаһандық басқару бүкіл адамзатқа ортақ мәселе екені және әділ халықаралық жүйе құру әлем елдерінің ұзақ мерзімді ортақ мақсаты ретінде қарастырылатыны атап өтіледі. Қытай бұл процесте белсенді қатысушы әрі үлес қосушы мемлекет ретінде көрсетілген.
Құжатта Си Цзиньпин ұсынған «адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құру» тұжырымдамасы негізгі бағыттардың бірі ретінде аталады. Сондай-ақ ол мультилатерализмді нығайту, тең құқықты көпполярлы әлем құру және инклюзивті жаһандық экономиканы дамыту қажеттігін алға тартқан.
Ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы Си Цзиньпин жаһандық басқаруды жетілдіруге бағытталған жаңа бастама ұсынған. Бұл бастама халықаралық жүйені реформалау және басқару тетіктерін жаңартуға арналған.
Ақ кітапта аталған бастамаға шамамен 160 мемлекет пен халықаралық ұйым қолдау білдіргені, сондай-ақ 60-тан астам ел «Жаһандық басқару достары» тобына қосылғаны көрсетілген.
Құжатта Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін сақтау және нығайту негізгі басымдықтардың бірі екені айтылған. Сонымен қатар барлық елдер халықаралық құқыққа және БҰҰ Жарғысына негізделген тәртіпті сақтауы тиіс екені баса көрсетіледі.
Ақ кітап кіріспе мен қорытындыдан бөлек бес бөлімнен тұрады, онда қазіргі әлемдік дағдарыстар, Қытайдың үлесі және жаһандық басқаруды дамыту бағыттары қарастырылған.