«Қызымның сүйектерін өз қолыммен жинадым»: Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі сотта жауап берді

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты сот отырысында марқұмдардың бірінің әкесі жауап берді. Ол іс бойынша күдікті Александр Пакты кешірмейтінін айтты. Бұған дейін оны жәбірленушілердің барлығы кешірген, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты кезекті сот отырысында қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі жауап берді. Бұған дейін үш марқұмның туыстары сотталушы Александр Пакты кешіретіндерін мәлімдегенімен, Томиристің әкесі оны кешірмейтінін айтты. Пактың өзі сотта кешірім сұрап, болған оқиғаға өкінетінін айтқан. 

Сонымен қатар ол өтемақыдан бас тартып, соттан өзін жәбірленуші ретінде тануды сұрады. (Соттың шешімімен әкесінің аты-жөнін жариялауға тыйым салынған.) Оның мүддесін сотта үш адвокат қорғап жатыр. Олар ер адамның ата-ана құқығынан айырылмағанын, сондықтан жәбірленуші ретінде танылуға заңды негіз бар екенін жеткізді. Судья әзірге оны куәгер ретінде жауап алуға шешім қабылдады.

Томиристің әкесі Александр Пакты ешқашан кешірмейтінін және одан ешқандай ақша қабылдамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Таразда сотталушының әкесімен кездесіп, «ұлыңызды дұрыс тәрбиелей алмадыңыз» дегенін айтты. Бұрын арнайы жасақта қызмет еткен ер адамның сөзінше, мәйітханада қызының быт-шыт болған бас сүйегінің бөліктерін өзі жинауға мәжбүр болған.

Ол қызының жерлеу рәсімімен айналысып жүрген кезде бұрынғы жұбайы полицияға барып, Пақтың туыстарынан ақша алғанын айтты.

«Мен Пақты ешқашан кешірмеймін. Томирис – тұңғыш қызым еді. Анасы екеуміз ажырасқанымызбен, балаларыммен қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Томиристі жекеменшік мектепке өзім орналастырып, оқу ақысын төлеп жүрдім. Қайтыс болардан бір күн бұрын телефонмен сөйлестік. Ол үйге келіп Наурыз көже ішетінін айтты. Апат болған түні маған бірінші болып полиция хабарласты. Мен жерлеумен жүргенде бұрынғы әйелім Пақты кешіріп қойыпты. Мен оны ешқашан кешірмеймін. Қызымды мәйітханада көргенде бас сүйегі быт-шыт болған, денесінде көптеген жарақат болды. Мұны өз көзіммен көргеннен кейін қалай кешіруге болады?» – деді Томиристің әкесі.

Cот процесі жалғасып жатыр.

АЙЫПТАУ 

Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.

Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.

– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.

Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған. 

ЖОЛ АПАТЫ

21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300  көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.

Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.