Қазақстандық кәсіпкер ұлының тойынан түскен қаржыға ерекше қажеттілігі бар жігітке пәтер сыйлады

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Қазақстандық кәсіпкер Айбек Барысов ұлының тойында жиналған қаржыға "Барыс мінез" жобасының қатысушысы Бағжанға пәтер сыйлағанын мәлімдеді. Кәсіпкердің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар жас жігіттің қайсарлығы мен табандылығы бұл шешімге себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Айбек Барысов әлеуметтік желідегі парақшасында "Барыс мінез" жобасы аясында тағдыры ерекше талай адаммен танысқанын, алайда олардың ішінде Бағжанның орны бөлек екенін жазды.

– Бағжан — нағыз Барыс мінезді азамат. Ол өмірдің қанша сынағы болса да мойымаған, ешқашан берілмеген адам. Оның табандылығы мен қайсарлығын көрген сайын мен де берілуге құқығым жоқ екенін түсінемін, – деп жазды кәсіпкер.

Оның айтуынша, "Барыс мінез – 2025" жобасының финалында Бағжанды өзіне іні тұтқан. Ал енді ұлының тойынан түскен қаржыға оған баспана сыйлауды жөн көрген.

– Бүгінде ол тек менің емес, барша қазақ елінің баласындай болып кетті. Сондықтан бүгін өзімнің қаным бөлек, бірақ жаныма жақын ініме пәтер сыйлауды жөн көрдім. Құтты болсын, інім! Бұл шаңырақ саған жаңа мүмкіндіктердің, жаңа жеңістердің және жарқын болашақтың бастауы болсын, – деді Айбек Барысов.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Aibek Barys (@aibek_barys)

 

 

БҰҒАН ДЕЙІН

Айбек Барысов бұған дейін Ulysmedia-ға берген сұхбатында өзін қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстарға қатысты айтылған сындарға жауап беріп, кәсіпорнында басқа ықпалды тұлғалардың үлесі бар деген пікірлерді жоққа шығарған еді.

Кәсіпкер Kazakhstan Paramount Engineering зауытының жалғыз акционері өзі екенін айтып, кәсіпорынның жұмысына Иманғали Тасмағамбетовтің де, Кеңес Рақышевтың да қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ ол Қазақстанда қорғаныс техникасын мүмкіндігінше ел ішінде өндіру қажет екенін айтып, мұны "экономикалық ұлтшылдық" қағидатымен байланыстырған. Барысовтың пікірінше, отандық кәсіпорындар қажетті өнімді шығара алатын жағдайда мемлекеттік тапсырыс алдымен қазақстандық өндірушілерге берілуге тиіс. Сонымен қатар ол Қорғаныс министрлігі тарапынан шетелдік әскери техниканы сатып алуға мүдделі ықпалды топтардың болуы мүмкін екенін де алға тартқан.