Қазақстанда 24 маусымнан бастап 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттар ресми түрде айналымнан шығарылады. Келесі аптадан бастап мұндай купюралармен дүкендерде, кафелерде және басқа да сауда орындарында төлем жасау мүмкін болмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұлттық банк 24 маусымда 2012 жылғы және жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу мерзімі аяқталатынын еске салды. Осы күннен кейін ескі үлгідегі банкноттар күнделікті төлем құралы ретінде қабылданбайды.
Сондықтан азаматтар мен кәсіпкерлердің қолындағы ескі банкноттарды пайдаланып қалуына немесе жаңасына айырбастауына аз ғана уақыт қалды.
ҚАЙДА АЙЫРБАСТАУҒА БОЛАДЫ?
Айналымнан шығарылғаннан кейін екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттарды тағы үш жыл бойы жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастай береді.
Ал Ұлттық банктің филиалдарында мұндай банкноттарды айырбастау мерзімсіз жүзеге асырылады.
10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТҚА ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕРІС
Бұған дейін 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнотты да осы кезеңде айналымнан шығару жоспарланған еді. Алайда кейін Ұлттық банк оның айналым мерзімін 2027 жылдың шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Өйткені бір мезгілде екі ірі номиналдағы банкноттарды айналымнан шығару банк жүйесіне қосымша жүктеме түсіруі мүмкін.