Қазақстан жолдарында камера саны артқан сайын оларды айналып өту жолын іздейтіндер де көбейді. Әлеужеліде “тонаушы құрылғы”, “халықтың қалтасын қағып жатыр”, “Қытайдың тыңшылық жобасы” деген сөздер тарап кеткен. Бұл сөздер эмоционалды, ашулы, жалған ба әлде түбі ақиқат па? Осы мақалада Сергек төңірегіндегі ең жиі айтылатын жеті нарративті мұқият қарастырып, зерттеу жүргіздік.
“Сергек” жобасын Павлодар облысынан шыққан ағайынды Әсет пен Қайрат Ахметовтер студент кезінен бастаған кәсіпкерлік жолының жалғасы ретінде дүниеге әкелген. Екеуінің де техникалық білімі мықты болған (Әсет Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетін, Қайрат Мәскеудегі физика-техникалық институтын бітірген). Алғашқы бизнесін ғасыр басында интернет-кафеден бастаған ағайындылар біраз жыл өткен соң “Көркем Телеком” компаниясын құрып, бірнеше жыл ішінде Сергек брендін мемлекеттік деңгейге шығарған.
Қазіргі таңда екеуі де операциялық басқарудан шығып, директорлар кеңесіне өткен. Компанияның бас директоры болып қатардағы әзірлеушіден басшылыққа дейін өскен Евгений Ким 2024 жылы тағайындалды.
Azattyq Ruhy тілшісі жариялаған сұхбатында 2020 жылы компанияда 200 адам істесе, қазіргі таңда 900-ге жуық маман қызметте екен.
1-миф: “Айыппұл - тонау ма?”, “Штрафстан атауы рас па?”
Бұл сөздің не мағынасы бар екенін анықтай кетейік. Айыппұл төлеу – тонау емес, жол ережесін бұзғаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік. Бұл фрейм кейбір депутат сөздерінен туындап, кейін жұртшылықтың арасына кең тарады. Ең жиі жасалатын құқықбұзушылықтар жол қозғалысы ережесіне қатысты болғандықтан, айыппұл статистикасының үлкен бөлігі Сергек жүйесімен байланысты деп, “Штрафстан” нарративі Сергекке жармасып қалды. Алайда Президент Тоқаев бұл тіркесті 2025 жылы да, 2026 жылы да бірнеше рет сынға алды. Оның айтуынша, елге стигма тағып жатқандар – өзіміздің азаматтарымыз, ал әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда Қазақстандағы айыппұл саясаты соншалықты қатаң емес дейді. Бұл баға шындыққа жақын десек болады. Жол ережесін бұзушылық деңгейі шынымен де жоғары, бірақ бұл өкінішке қарай Сергектің проблемасы емес, жол мәдениетінің проблемасы. Ал айыппұл мөлшерін реттеу немесе саясатты өзгерту депутаттар мен заң шығарушы органдардың мәселесі: Сергек және басқа компаниялардың камералары заңбұзушылықты тіркеп, айыппұл жайындағы шешімді сот пен полиция қабылдайды. Яғни адам ережені бұзбаса – айыппұл жоқ. Бұл жүйенің логикасы осы.
Дегенмен “Штрафстан” деген жалпылама фрейм нақты проблемаларды емес, жалпы наразылықты беретін риторикалық құрал. Жазалау жүйесін сынаудың заңды жолы бар: ол заң шығарушы органдарға, депутаттарға жүгіну арқылы жүзеге асады. Камераны сындыру немесе мифтерді тарату бұл мәселені шешпейді.
Осыған байланысты өткен жылы ең тәртіпті, үлгілі жүргізушілерді марапаттау жөнінде бірқатар акция да өткен: шындығында құттықтағаны бірнеше жүз адам болса да, мүлдем айыппұл алмаған адамдардың саны мыңдап, тіптен миллиондап есептеледі.
2-миф: “Айыппұл ақшасы кімге кетіп жатыр?”
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар мен өндіріп алулар бюджетке түседі. Тиісінше, белгілі бір қалада тіркелген айыппұлдар сол қаланың бюджетіне бағытталады.
Сергек жобаларды іске асыру кезінде қажетті инфрақұрылымды (бейнебақылау камераларын, байланыс желілерін және серверлік жабдықтарды) мемлекеттік қаражат есебінен емес, өз инвестициясы арқылы орнатады. Компанияның бұл тәсілі жол қауіпсіздігі жобаларымен ғана шектелмейді. Мәселен, Алматы облысындағы бірқатар ауылдар интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды: себебі Сергек жүйесіне қажетті талшықты-оптикалық желілер тартылған кезде аталған елді мекендер де байланыс инфрақұрылымымен қамтылған.
Мемлекет бұл инфрақұрылымның пайдаланушысы әрі тапсырыс берушісі ретінде жобаның құнын бірден өтемейді. Қолданыстағы келісімшарттарға сәйкес төлемдер бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мұндай механизм мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын көптеген салалар үшін қалыпты тәжірибе саналады.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін алынатын айыппұлдар аталған есеп айырысу жүйесіне қатысты емес – бұл нақтылап көрсетілген, оның ішінде ұйғарымда да тікелей жазылған. Қорыта келе, компания көрсетілген қызметтері үшін келісімшарт аясында төлем алады, ал жүргізушілерден өндірілген айыппұлдар толық көлемде бюджетке аударылады. Осы екі тетіктің ара-жігін ажырата білу маңызды.
3-миф: “Камераларды, автобус жолақтарын, жол белгілерін халықты қақпанға түсіру үшін арнайы орнатады ма?”
Камералар кездейсоқ орнатылмайды: жол апаттары жиі болатын, балалар мектепке бара жатып қаза тапқан, жаяу жүргіншілер қағылған нүктелерге орнатылады. Бұл жерлерде бұрын да жол белгілері, разметка, жылдамдық шектеулері болған. Мәселе белгілердің жоқтығында емес, жүргізушілердің оларды елемейтінінде болатын. Камера сол елемеуді тоқтататын нақты құрал болып шықты. Камераларды орнату Сергектің шешімі емес, бұл мемлекеттік органдардың құзыреті, мәселен, полиция департаменттері мен жергілікті прокуратураларда “апат карталары” бар, компания тек сол ережелердің орындалуын тіркейді. Оның үстіне барлық тіркеу нүктелері заңда белгіленген қашықтықта ескерту белгілерімен жабдықталады, яғни жүргізуші алдын ала хабардар болады.
4-миф: “Сергекті Астанадан алып тастады ма?”
Астана мәселесіне келсек, “Сергек алынды, енді бәрі бітті” деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Астанадағы “Көркем Телеком” компаниясымен шарттың мерзімі 2025 жылдың ақпанында біткен. Алайда бұл жүйенің жойылғанын білдірмейді. Бүкіл инфрақұрылым мемлекеттік серіктеске беріліп, ал компания өтпелі кезең тегіс өтуі үшін жаңа мердігерге қолдау көрсеткен. Жүйе әлі де ел астанасында қызмет етуде, инфрақұрылым, камералар және жергілікті мамандардың басым бөлігі өз орнында қалған, бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек 2025 жылдың желтоқсанында Астанада өткен брифингте мәлімдеді.
Бастысы – әкімдіктердің Сергек болмаса да, қалаға бәрібір камера керек деген шешімі. Демек, Сергекті құртсақ, бәрі керемет болады деген әңгіме бос сөз. Керісінше, қазіргі заманда камерасыз қаланың күні қараң екені белгілі болды. Ал енді оған қазақстандық компания иелік ете ме, әлде сырттан келгендер ме? деген сұрақ мүлдем бөлек әңгіме.
5-миф: “Камералар аңди ма, әлде қорғай ма?”
Бұл пікірдің астында қоғамның заңды алаңдаушылығы жатыр: адамдар мемлекеттің немесе үшінші тараптың өз жеке өміріне тым терең үңілуінен қорқады. Бұл қалыпты сезім, оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда, статистикаға сүйенсек, Астанада “Сергек” іске қосылғаннан кейін жол апатынан қаза тапқандар саны 50 пайызға жуық азайған. Адам өлімінің азаюы - бұл жүйенің нақты жұмыс істеп тұрғанының басты көрсеткіші. Яғни, камералар бізді аңду үшін емес, оқиға орнын тез анықтауға, жедел жәрдем шақыруға және іздестіру жұмыстарын жеңілдетуге арналған.
Жалпы, қазір айналамызда камера өте көп. Оның ішінде Сергек секілді тікелей қоғамдық және жол қауіпсіздігіне жауап беретін жүйелер бар. Одан бөлек, қаладағы әртүрлі нысандар мен ғимараттарда орнатылған жекеменшік камералар да жетерлік. Олардың бәрі бірдей жалпы желіге орталықтандырылмаған: кейбірі құқық қорғау органдарының базасына қосылып, оларға тікелей қолжетімділік берілсе, енді бірі ешқандай мемлекеттік жүйеге кірмейтін, тек нысан иесі ғана қарай алатын дербес құрылғылар. Қала ішіндегі камералар бірнеше түрлі жүйеге жатады: әкімдіктің қоғамдық бақылау камералары, тұрғын үй кешендері мен мүлік иелері бірлестіктерінің ішкі камералары, коммерциялық нысандардың өз камералары, полицияның жедел камералары. Осының барлығы бөлек жүйелер, бөлек операторлар. Полиция тергеу барысында олардың бәрімен жұмыс істейді.
Шындап келгенде, арам пиғылы жоқ, қарапайым азаматтарға камераның қай жерде тұрғаны бәрібір. Тіпті, қандай да бір оқыс оқиға немесе құқықбұзушылық бола қалса, жұрттың өзі бірінші болып: “Осы жерде Сергек жоқ па екен? Камера түсіріп алған ба?” деп іздей бастайды.
“Сергек” тек жылдамдықты өлшейтін камера емес. Жүйе бет-әлпетті тану, автомобиль іздестіру, сондай-ақ оқиға болған жерді кейіннен тексеру мүмкіндіктерімен жабдықталған. Жүйенің негізгі құндылығы жеке жүргізушіге айыппұл салуда емес, жол қауіпсіздігі және қоғам қауіпсіздігі бойынша жинақталған деректерді талдауда жатыр. Қай қиылыста апат жиі болады, қай уақытта жылдамдық бұзылуы шарықтайды, қай учаскеде жаяу жүргіншілер қауіп аймағында жүреді – осының барлығын жүйе үздіксіз жинап, талдайды. Бұл предиктивті аналитика қала жол инфрақұрылымын жоспарлауға, қауіпті учаскелерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Қаланың қай бұрышында тұрса да, Сергек те, басқа жекеменшік құрылғылар да - қылмысты ізін суытпай ашуға көмектесетін келеңсіз жағдайлардың тілсіз куәгері. Камералардың пайда-зияны туралы қанша даулассақ та, бір нәрсе анық: заманауи технологиялардың дамуы полицияға қылмыскерлерді тез әрі дәл ұстауға бұрын-соңды болмаған үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.
6-миф: “Сергек қазақстандық па?”
Бұл миф ең жиі айтылатындардың бірі болса да, негізі жоқ. “Көркем Телеком” компаниясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барлық камералардың бағдарламалық кодын ашып көрсеткен және арнайы сертификациядан өткен - бұл ресми БАҚ парақшаларында да айқындалған. Әсет Ахметовтың өзі бұл жайлы белгілі подкастта анық айтқан: камераның аппараттық бөлігі Қытайда жасалады, өйткені бүкіл әлемде камера мен электроника өндірісі негізінен сол елде шоғырланған. Америкалық немесе еуропалық смартфондардың компоненттері де сол елден келеді. Ең маңыздысы - алгоритм, бағдарламалық қамтамасыз ету, деректерді өңдеу жүйесі толығымен қазақстандықтардың жасағаны және ол ҰҚК тарапынан тексерілген. Яғни қытайлық камераның корпусы ғана қалып, ішіндегі миы түгелдей дерлік қазақстандық бағдарламамен жаңаланады. Factcheck.kz бұл тақырыпты арнайы зерттеп, мифтің расталмайтынын әлдеқашан жазып қойған.
7-миф: “Камералар халықты қорқыту үшін ғана тұр ма?”
Бұл қауесет әлеуметтік желіде кейде таралып тұрады. Сергектің барлық камерасы толық жұмыс істейді - басқаша болуы мүмкін емес, себебі заң жүзінде бекітілген келісімшартты бұзу компанияның өзіне қыруар айыппұл әкеледі: ресми өкілдерінің айтуынша, мұндай қателікті жіберіп отыратындай олар ақымақ емес. Электр қуаты сөніп қалғанда ғана камера жұмысын тоқтатуы мүмкін екен, қалған уақытта ол үзіліссіз қызмет көрсетеді. Бұл ақпаратты тарататындар - әдетте жол ережесін бұзып, кейін айыппұл төлеуден жалтарғысы келетіндер,- дейді әлеуметтік желідегі белсенділер.
Бұл 7 нарратив Сергекке деген ашуды тудырып отыр, ал ашу - эмоция. Эмоция нақты шешімге әкеле алмайды, бірақ оның артында нақты сұрақтар жатыр. Айыппұл мөлшері тым жоғары ма? Жол белгілерін дұрыс қойды ма? Деректерге кім қол жеткізе алады? Бұл сұрақтарға жауап беру мемлекеттің де, компанияның да парызы. Ал жалпы экономикалық жағдай, қоғамдағы теңсіздік, салықтың артуы - біздің пайымдауымызша, жеке компанияның жауап тартар мәселесі емес.