Саденов мас жүргізушілерге рақымшылық жасауға қатысты пікір білдірді

Ulysmedia
Фото: istockphoto.com

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қазақстан полициясы күні қарсаңында берген сұхбатында мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту идеясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Министрдің айтуынша, мұндай жағдайларға жеңілдік беру мас күйінде көлік жүргізуді іс жүзінде ынталандырумен тең.

«Жеңілдік беру – мұндай “батырлардың” қолын босату деген сөз. Біздің міндетіміз – мұндай жағдайларды барынша азайтып, қоғамда қатаң әрі ымырасыз ұстанымды қалыптастыру. Рөлде мас болмау – көлік жүргізу мәдениетінің берік қағидасына айналуы тиіс. Жыл басынан бері осындай жүргізушілердің кесірінен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300-ге жуық адам зардап шекті, олардың арасында қаза тапқандар да бар. Әрбір мұндай апаттың артында қайғылы тағдырлар мен жетім қалған балалар тұр», – деді Ержан Саденов.

Сонымен қатар министр Қытайда мас күйінде адам өліміне әкелген жол апаты үшін өлім жазасына дейінгі жаза қарастырылатынын, ал АҚШ-та мұндай жағдайда өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылатынын атап өтті.

«Адам қасіретіне себеп болатын кез келген жағдайдың алдын алу қажет», – деді министр.