Курьерлердің табысы 1,5 млн теңге екені рас па?

Ulysmedia
Фото: Pexels

Алматыда баласын көтеріп жүріп тапсырыс жеткізген әйелдің оқиғасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Көпшіліктің назарын тек осы жағдай ғана емес, курьерлердің табысы туралы әңгімелер де аударды. Кейбір жұмыс хабарландыруларында курьерлерге айына 1,5 миллион теңгеге дейін жалақы уәде етіледі. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында: «Шынымен курьерлер дәрігерлерден, ғалымдардан және университет оқытушыларынан көп табыс таба ма?» деген сұрақ туындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

finprom.kz сарапшылардың айтуынша, жұмыс іздеу сайттарында курьерлерге айына 1,5 миллион теңгеге дейін табыс уәде ететін хабарландырулар бар. Мұндай ұсыныстар көбіне азық-түлік, дайын тағам және дәрі-дәрмек жеткізу қызметі жақсы дамыған ірі қалаларда жарияланады.

Алайда мұндай жоғары табысқа жету үшін курьер ұзақ ауысыммен жұмыс істеп, өте көп тапсырыс орындауы керек. Сондықтан жарнамадағы сома мен нақты табыс әрдайым бірдей бола бермейді.

HeadHunter Kazakhstan (hh.kz) деректеріне сәйкес, 19 маусымда Қазақстанда курьерлерге арналған 116 бос жұмыс орны болған. Оның 42-сі Алматыда, 32-сі Астанада жарияланған. Ең жоғары жалақы Алматыда жүк көлігімен жеткізу жасайтын курьерлерге – 1,3–1,5 млн теңгеге дейін, мотоцикл немесе электрвелосипедпен жұмыс істейтін курьерлерге – 650 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін ұсынылған. Астана мен Қарағандыда ұсынылатын табыс 750 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін жетсе, Шымкентте 1,2 млн теңгеге дейін барады.

Бірақ бұл көрсеткіштер шығындар есептелмегенге дейінгі табыс. Курьерлердің көбі жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде жұмыс істейді. Сондықтан олар салықтарды, әлеуметтік төлемдерді өздері төлейді және жанармай, көлік жөндеу сияқты шығындарды да өз қалтасынан шығарады.

Ал Enbek.kz еңбек биржасы сайтындағы мәліметтер бойынша, қарапайым компаниялардағы курьерлердің жалақысы айына 85–103 мың теңге аралығында. Бұл көрсеткіш пошта тасушыларының табысына жақын.

Зерттеу нәтижелері жоғары жалақы көбіне Алматы мен Астана сияқты мегаполистерде ғана мүмкін екенін көрсетеді. Өйткені бұл қалаларда жеткізу қызметіне сұраныс жоғары және төлем қабілеті бар клиенттер көп.

1,5 миллион теңге табуға бола ма?

Ашық дереккөздерде мұндай табысты тұрақты алып жүрген курьерлер туралы нақты мысалдар өте аз. Курьерлер мен БАҚ өкілдерінің айтуынша, Алматы мен Астанадағы жеткізушілердің орташа табысы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Ең белсенді жұмыс істейтіндері 450–500 мың теңгеге дейін табыс таба алады.

Нарықтағы мамандардың айтуынша, ірі жеткізу платформаларында күніне 50 мың теңгеге дейін табуға мүмкіндік бар. Бірақ мұндай қарқынмен айына 20 күн жұмыс істегеннің өзінде шамамен 1 миллион теңге ғана жиналады, ал одан кейін салықтар мен басқа шығындар шегеріледі.

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында пошта және курьерлік қызмет саласындағы орташа айлық жалақы 291,9 мың теңгені құраған.

Алматыда бұл көрсеткіш 424,7 мың теңге болса, Астанада 474,8 мың теңгеге жеткен. Кейбір өңірлерде орташа табыс 200 мың теңге шамасында.

Сонымен қатар курьерлік жұмыс оңай емес. Ол төзімділікті, күйзеліске қарсы тұра білуді және кез келген ауа райында еңбек етуге дайын болуды талап етеді. Сондықтан көптеген адам бұл саланы уақытша табыс көзі ретінде қарастырады.

Мұны кадрлардың жиі ауысуы да дәлелдейді. 2025 жылы пошта және курьерлік қызмет саласындағы жұмыстан кету деңгейі 26 пайызды құраған. Яғни әр төртінші қызметкер бір жыл ішінде жұмыс орнын ауыстырған.

Соған қарамастан жеткізу нарығы өсіп келеді. Егер 2020 жылы бұл саланың көлемі 41,8 млрд теңге болса, 2025 жылға қарай ол екі еседен астам артып, 86,3 млрд теңгеге жеткен.