Америкада тұратын отандасымыз жерлесін бала күтуші қылып жұмысқа аламын деп опық жеген. Бұл туралы әйелдің құрбысы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Желі қолданушысы Маргарита Иманәлінің жазуынша, құрбысы қазақстандық әйелді бала күтуші қылып жұмысқа алған. Жерлесім деп сенген секілді. Алайда бәрі керісінше болып шыққан. Автор күтушінің баланы ұрып-соққан видеосын қоса бөлісті.
“Есімбекова Мейраш. Америкада Невада штатында құрбымның үйінде жарты жыл бойы бала күтуші болып жұмыс істеген. Америкаға келмес бұрын барлық қажетті анықтамалар мен ұсыныс хаттарды жіберген. Бір күні құрбым жұмыста болған кезде үйге телефон шалады. Оған қызының құлап, жарақат алғанын айтады. Бірнәрсенің дұрыс емес екенін сезген құрбым үйдегі бейнебақылау камераларын қарай бастайды. Сол кезде бір жасар балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғанын көреді! Бейнежазбаны қоса тіркеп отырмын. Өтінемін, бұл ақпаратты барынша таратыңыздар. Бала күтуші болып жұмыс істейтін бұл адамның қандай әрекеттерге барғанын барлығы білсін”, – ден жазды ол.
Автордың айуынша, бала күтуші Қазақстан азаматы. Құрбысы оны сол сәтте-ақ жұмыстан шығарған. Бәлкім, жақын арада Қазақстанға қайтып келуі мүмкін. Сондықтан көпшілікке сақ болуды, күдік туғызатын жағдайларға бей-жай қарамауға шақырды.
Тағы бір қолданушының айтуынша, әлгі әйелден зардап шеккен болып шықты.
“Бұл адам менің үйімде бала күтуші болып жұмыс істеді. Мен оны агенттік арқылы жалдадым. Бастапқыда ұсыныстары жақсы болып көрінді, алайда кейін бұрын жұмыс істеген отбасылармен хабарласқан кезде пікірлердің өте жағымсыз екенін білдім. Менің байқауымша, ол өте агрессивті әрі жауапкершілігі төмен адам болды. Оның кесірінен көптеген мәселелерге тап болдым. Аулада басқа күтушілермен және аналармен жиі жанжалдасып, кейде төбелеске дейін жететін жағдайлар болған. Сонымен қатар, менің баламды қолынан түсіріп алған жағдай болды. Үйден ақша мен кейбір заттардың жоғалғанын да байқадым”, – дейді ол.
“Өтінемін, оны түрмеге жабыңыздар! Жай ғана жұмыстан шығару жеткіліксіз. АҚШ-та балаларға қатыгездік көрсетуге қатысты арнайы заң баптары бар шығар”, “Неткен сұмдық! Осындай кішкентай сәбиге қалайша қорлық көрсетуге болады? Бұл адамның психикасында мәселе бар сияқты”, “Қолын сындырып сала жаздады ғой” деп жазды желідегілер.