Желі қолданушысы садақа беруге шақырып қана қоймай, оны міндеттейтіндерді сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Кофе ішкенше садақа бер...”
Інжу есімді желі қолданушысы Instagram, TikTok және YouTube желісінде садақа беруге үндейтіндер көбейгенін, бұл жай ғана үгіттеу емес, қысымға айналып бара жатқанын айтады.
“Қазақстанда соңғы кезде бір нәрсе қатты мазалай бастады. Instagram ашсаң болды “медресеге садақа бер”, TikTok ашсаң “мешітке ақша бер”, YouTube ашсаң тағы ақша сұрау. Бір-екі видео емес, тұтас индустрия сияқты. Ең қызығы, олар жай ғана “кім қаласа көмектессін” деп айтпайды. Міндетті түрде психологиялық қысым қосады. “Балмұздақ аласың жеп қоясың. Оның орнына садақа бер” , “Кофе ішкенше садақа бер”, “Мына ақшаны өзіңе жұмсағанша садақа бер” деген жазбалар көбейді”, – дейді ол.
“Ақшаң артылса ағайынға бер”...
Желі қолданушылар авторды қолдап, садақа беру әркімнің өз еркі екенін айтады.
“Соңғы кезде кейбір діни парақшалар рухани ағартудан гөрі онлайн-донат жүйесіне көбірек ұқсап кетті. Мен ғана осылай ойлаймын ба, әлде бұл шынымен бақылаудан шығып бара жатыр ма?”
“Бұлардың есебі де жоқ. Әйтеуір бір стройканың жанындағы видеоларды таргетке жіберіп қояды. Садақаны рас мұқтаж жандарға беру керек сияқты”.
“ Садақаның ең жақсысы бірінші өзіңе және отбасы, бала-шағаңа, сосын артылса бауыр-туыс, ағайынға, көршіңе. Мынадай манипуляция жолмен садақа бермей ақ қойдым”.
“Бірінші кредиттеріңіді жабыңдар. Сосын тістеріңді емдеңдер, жүректеріңді қаратыңдар. Артылса, әке-шеше, бауырға көмек бер. Сосын ғана нашар, аш отырған көрші-қолаң, таныстарға көмектес. Есебі жоқ, сенімсіз қорларға ақша аудармауға тырыс”.
Желідегі жарнама скриндері
ҚМДБ жылдық есебіне сүйенсек, былтырдың өзінде елде 61 жаңа мешіт ашылған. Ал қазіргі таңда 214 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Жалпы, бүгінде мүфтиятқа қарайтын 2945 мешіт бар. Соның ішінде 1 республикалық, 3 мегаполистік, 17 облыстық, 472 қалалық, 164 аудандық және 2289 ауылдық мешіт жұмыс істеп тұр.