Түркияда тағы да жер сілкінді

Ulysmedia

Түркияның оңтүстік-шығысында 5,1 балдық жаңа жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

фото: ашық дереккөзден

Ел үкіметтің төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 5,1 балдық жер сілкінісі болды.

Зілзала эпицентрі Гексун ауданында 9 км тереңдікте орналасқаны мәлім болды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бүгін Кахраманмараш провинциясына Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған келмек.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның ірі зілзала тіркелді. Жер сілкінісінен ресми ақпарат бойынша 6 мың ғимарат қираған. АФАД мәліметінше, 7,4 баллдық жер сілкінісі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де 7 шақырым тереңдікте болған. Содан кейін жер сілкінісі әр түрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада жарты сағат бойы сезілген. Құрбандар саны сағат санап өсіп жатыр.

РҒА институтының директоры Петр Шебалин Түркиядағы төтенше оқиға 1988 жылы Арменияның Спитак қаласында орын алған зілзаладан әлдеқайда күшті болғанын мәлімдеді.

Әлемнің 65 мемлекеті Түркияға әртүрлі деңгейде көмек көрсетіп жатыр. 7 ақпанда Қазақстан құтқарушылары Газиантепке жетті. ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға шұғыл түрде 1 млн доллар қаржы бөлуді тапсырды.