Ақтауда 33 келі марихуананы сәлемдеме ретінде алмақ болған ер адам ұсталды

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Ақтау қаласында полиция 33 келі марихуананы сәлемдеме ретінде алмақ болған 41 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Polisia.kz Telegram–арнасының жазуынша, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Маңғыстау облысы полиция департаментімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 41 жастағы ер адамды ұстаған.

Полиция дерегінше, тергеу барысында ер адамның Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырғанын анықталған.

– Сәлемдемені тексеру барысында полиция қызметкерлері ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қапты анықтады. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың кептірілген марихуана екенін растады. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 33,5 келіден асты, – делінген полиция таратқан ақпаратта.

Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан жерде ұсталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, тәркіленген есірткі заты батыс өңірлерінде одан әрі таратылуға арналған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.