Әсет Матаевқа шабуыл ісінде жаңа шешім шықты

Сырым Қаржас
ҚазТАГ

«ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық туралы іс бойынша жәбірленуші деп танылды. Бұл туралы оның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға биыл наурыз айында Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында болған.

Әсет Матаевтың айтуынша, ауызша кикілжіңнен кейін ол әріптестерімен бірге таксиге отырып кетпек болған. Алайда жанжалға қатысушылар олардың соңынан қуып жеткен. Сол кезде олардың бірі Матаевты баллон кілтімен бірнеше рет басынан ұрып, салдарынан ол ауыр жарақат алған.

Бастапқыда полиция бұл оқиғаны бұзақылық бабы бойынша тіркеген. Алайда жарақат алғанына қарамастан, Әсет Матаев іс бойынша айыпталушы деп танылған. Ол сотқа дейін өзін неге жәбірленуші деп танымағанын түсінбейтінін айтып, қорғаушысы да оның шабуылдың құрбаны болғанын бірнеше рет мәлімдеген.

ДӘЙЕКСӨЗ

– 27 маусымда бізді Алматының Медеу аудандық полиция басқармасына шақырды. Сол жерде Әсет Матаевтың бұзақылық туралы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылғаны хабарланды. Шабуыл кезінде қорғауымдағы азамат басынан баллон кілтімен бірнеше рет соққы алған. Соның салдарынан оның бас сүйегінің сол жақ маңдай сүйегі сынған. Дәрігерлер денсаулығына келтірілген зиянды орташа ауырлықтағы жарақат деп бағалады, – деп келтірді ҚазТАГ адвокат Юлия Колпакованың сөзін.

Оған дейін Әсет Матаевқа қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша қозғалған қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны белгілі болған еді.