Актер әрі режиссер Нұртас Адамбай әлеуметтік желіде Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялап, кинематография тақырыбында сұхбат беруге дайын екенін айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz
Оның сөзінше, соңғы уақытта кино өндірісі туралы сұхбат бермеген. Бұған режиссер әрі продюсер ретінде өзін жаңа жағдайда қайта іздеу кезеңінен өткендігі себеп болған.
- Киноөндірісі тақырыбында көптен бері сұхбат берген жоқпын. Себебі режиссер әрі продюсер ретінде қарқынды өзгеріп жатқан кино әлемінде өзімді қайта іздеу кезеңінен өттім. Қазір АҚШ-та тұрып жатқаныма бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде жергілікті киноиндустриямен етене таныстым, – деп жазды ол.
Адамбайдың айтуынша, осы уақыт аралығында жинаған тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Осы уақытқа дейін оқырмандарыңызбен бөлісетін дүниелерім көбейді. Барлығы өте қатты өзгеріп жатыр және бұл өте керемет! Егер қызығушылық болса, қызықты сұхбат ұйымдастыруға болады. Қуана келісемін», – деді режиссер.
Еске салсақ, соңғы жылдары Нұртас Адамбай діни наным-сенімге қатысты түрлі мәлімделер жасап, басы дауға қалған. 2024 жылы құран аудармасын жариялағаны үшін Қазақстанда оның үстінен әкімшілік іс қозғалған болатын.