Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Әр оныншы заңды депутаттар ұсынды»
Тәуелсіздік жылдары Парламент шамамен үш жарым мың заң қабылдады, соның ішінде әр оныншы заңды депутаттар бастама ретінде ұсынған.
Тоқаев Қазақстанның заң шығару жүйесінің негізін қалаған тұлғалардың үлесін атап өтті.
– Заң шығару жүйесінің негізін бүкіл елге белгілі саясаткерлер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қалаған. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында айқын із қалдырды. Олардың жанқиярлық еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Парламент әрқашан уақыт талабына және қоғам сұранысына жауап бере алатын жасампаз институт болғанын атап өтті.
– Қабылданған әр заңның тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтті пайдалана отырып, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының барлығына елге адал әрі мінсіз қызмет еткені үшін, әрқашан ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойғаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Контекст
Астанада Парламенттің соңғы бірлескен сессиясы басталды. Бұған дейін Президент 1 шілдеден бастап мемлекеттік басқару жүйесінің түбегейлі жаңғыртылатынын еске салған еді.