ҚХА-ға тиесілі болған міндеттер Халық кеңесіне өтеді- Тоқаев

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтетінін мәлдімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Президенттің айтуынша, шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады.
 

“Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады”, – деді Тоқаев.


Сондай- ақ, Мемлекет басшысы Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы, көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы екенін айтты.
 

“Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы”, – деді Президент.