"Вице-президент ойынынан шығарылды": сарапшы Қариннің жаңа қызметі жайлы

Ulysmedia
видеодан скрин

Белгілі публицист Бигелді Ғабдуллин Ерлан Қариннің Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бигелді Ғабдуллиннің сөзінше, бұрынғы Мемлекеттік кеңесшінің қызметі төмендеген. 

“Ақордадағы кадрлық ауыс-түйістер әрдайым театр іспетті, мұнда ең қызық нәрсе сахнаның сыртында болады. Ерлан Қариннің Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалуы да классикалық номенклатуралық тәсілге ұқсайды. Хаттамалық тұрғыдан алғанда, бұл – таза төмендету. Мемлекеттік кеңесші мәртебесі Президент Әкімшілігіндегі кез келген орынбасардың лауазымынан жоғарырақ болатын. Қарин идеологиялық иерархияның ең жоғарғы деңгейінде отырды, «Жаңа Қазақстанның» мағыналық бағытын қалыптастырды және Ұлттық құрылтайды басқарды. Ал енді ол «жерге түсіп», аппараттық жұмысқа – құжаттармен айналысуға және әкімшілік жүйені үйлестіруге ауысты”, – дейді ол.

Бұл нені білдіреді?

Автор Қаринді бейресми түрде «вице-президент ойынынан» біртіндеп шығарды деп есептейді.

“Біздің саяси жүйеде Мемлекеттік кеңесші мәртебесі жиі билік транзитіне қатысы бар ықпалды фигура ретінде қабылданатын. Енді бұл әсер жойылды. Қарин саяси дербестігінен айырылып, енді атқарушы биліктің иерархиясындағы қарапайым (бірақ жоғары деңгейлі) шенеунікке айналды. Ақорда тым амбициялы немесе тым ықпалды болып көріне бастаған тұлғаларды саяси алаңнан алып тастап жатыр”, – дейді ол.

Бигелді Ғабдуллин әдемі ұрандар мен концепциялар енді бұрынғыдай жұмыс істемей, жүйеге қатаң менеджмент қажет болған сияқты деп есептейді.

“Енді Қаринге ұлттың болашағы туралы жоғары деңгейдегі ойлардан гөрі күнделікті аппараттық жұмыстармен айналысуға тура келеді.Өңір әкімдерін бақылау, кадрларды сүзгіден өткізу және жүйедегі тұрақты ішкі дағдарыстарды шешу жүктеледі. Қазақстанда шынайы билік көбіне лауазым атауымен емес, Президентке жіберілетін соңғы құжатқа кім қол қоятынымен өлшенеді. Ал Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары ретінде мұндай тетіктер жеткілікті. Сондықтан Қаринді саяси тұрғыда «істен шықты» деу ерте, оны, керісінше, күнделікті басқару жұмысына жұмылдырған болуы мүмкін. Бұрын ол әдемі идеялардың авторы болса, енді сол идеяларды іске асыратын құрылыс шебері сияқты рөлге өтті. Ол бұл бюрократиялық қысымға төтеп бере ме, әлде Ақордадағы жай шенеуніктердің біріне айнала ма – бұл әзірге ашық сұрақ. Бірақ ойын ережелері ол үшін өзгергені анық”, – дейді ол.

Контекст 

Айта кетейік, бүгін Ерлан Карин Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. Ол 2022 жылдың маусымынан бері мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған.