Ел бюджеті кірісінің 90%-ы небәрі 1670 компаниядан түседі – Рүстем Жүрсінов

Ulysmedia
фото: Ulysmedia.kz

UlysMedia-ның ашық диалог алаңында сөз сөйлеген Қазақстан инвесторлар одағы» қауымдастығының Басқарма төрағасы Рүстем Жүрсінов Қазақстандағы 320 ірі компанияның мүддесін қорғайтынын айтты.

Жаңа кезең

Ашық диалог модераторы Самал Ибраева Рүстем Жүрсіновтен жаңа Конституциядағы инвесторлар мен кәсіпкерлер мәселесін сұрады.

«Қазақ халқы ұзақ күткенді ұната бермейді. Барлығы тез орындалса дейміз. Kazakh Invest ұлттық компаниясы шетелдік инвестицины тартумен, арнайы экономикалық аймақтарға жетекшілік етумен айналысады. Компанияның басқарушы директоры Нұрғазы мырзадан сұрасақ. Елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға жаңа Ата заң тағы қандай мүмкіндіктер береді?», – деп сұрады.

Өз кезегінде басқарма төрағасы Қазақстан инвесторлары қауымдастығының атынан сөз сөйлеп тұрғанын айтты.

«Біз мұнай-газ, энергетика, құрылыс салаларын, сондай-ақ ірі сауда кәсіпорындарын біріктіреміз. Жалпы алғанда, тікелей немесе жанама түрде Қазақстандағы 320 ірі компанияның мүддесін қорғаймыз», – дейді Рүстем Жүрсінов.

Ол  Конституция  мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін айқындайтын негізгі құжат екенін айтты.

«Соңғы жылдары Қазақстан құқықтық және саяси реформаларды белсенді жүргізді. Соның шарықтау шегі – жаңа Конституцияның қабылдануы болды. Бүгін – оның күшіне енген алғашқы күні. Осы тарихи күнмен баршаңызды құттықтаймын. Бұл – жаңа кезең. Бұл – тарихи сәт. Сондықтан бүгін бәрімізді осында жинап, пікірімізді, жаңа өзгерістерге қатысты ойымызды және алаңдататын мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік беріп отыр», – дейді Қазақстан инвесторлар одағы» қауымдастығының басқарма төрағасы.

Рүстем Жүрсіновтің айтуынша, жаңа Конституцияның негізінде адамға бағдарланған қағидат жатыр. Дегенмен, бизнес қауымдастығы үшін ең маңыздысы – негізгі құқықтық қағидалардың нақты бекітілуі.

Орталық Азияға тартылған инвестицияның 67 пайызы Қазақстанға тиесілі

Оның сөзінше, олардың қатарында меншік нысанына қарамастан жеке меншікті қорғау, азаматтардың жағдайын нашарлататын әрі жаңа жауапкершілік жүктейтін заңдардың кері күшіне жол бермеу және кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік беру бар. Ол кәсіпкерлік еркіндігі Конституцияның 29-бабында арнайы бекітілгенін атап өтті.

«Сот жүйесінің тәуелсіздігі – осы реформалардың ең маңызды шыңы. Жалпы, Орталық Азия елдеріне тартылған шетелдік инвестицияларды талдасақ, олардың жалпы көлемі шамамен 160 миллиард долларды құрайды. Соның 67 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан көш бастап тұр», – деді Ұлысмедиа тікелей эфирінде.

Инвестициялық ахуал алаңдатады

Рүстем Жүрсіновтің айтуынша, әлемде тікелей шетелдік инвестициялар көлемі азайып келеді. Оның пікірінше, арзан қаржы дәуірі аяқталғандықтан, бүгінде мемлекеттер капитал үшін емес, инвесторлардың сенімі мен мемлекеттік институттардың сапасы үшін бәсекелесіп жатыр.

Ол инвестициялық тартымдылықтың негізін үш басты фактор құрайтынын атап өтті. Біріншісі – жеке меншіктің сенімді қорғалуы. Екіншісі – мемлекетпен жасалған келісімшарттардың толық әрі уақытылы орындалуы. Үшіншісі – қандай да бір дау туындаған жағдайда соттың әділ шешім шығарып, заңды тараптың мүддесін қорғауы.

Жүрсіновтің сөзінше, дәл осы институттардың сапасы елдегі инвестициялық ахуалға тікелей ықпал етеді. Сондықтан шетелдік инвесторларды тартумен қатар, отандық инвесторлардың да белсенділігіне назар аудару қажет.

Ол қайта инвестициялау деңгейінің төмендеп келе жатқанын мысалға келтірді. Егер 2010 жылы кәсіпкерлер тапқан табысының 47 пайызын қайта инвестицияласа, 2015 жылы бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін төмендеген. Ал былтыр 25 пайыздан сәл ғана асқан. Оның айтуынша, бұл инвестициялық ахуалға қатысты алаңдататын белгі.

«Сондықтан біз жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттардың нақты жүзеге асырылуы мемлекет үшін ең үлкен емтихан болады деп есептейміз. Конституцияда жазылған қағидалар жай ғана сөз болып қалмауы тиіс. Өйткені елдегі іскерлік және инвестициялық ахуал соған тікелей байланысты. Ал адал ниетті меншік иесін қорғау – ең басты мәселе. Осыған ерекше көңіл бөлу қажет», – дейді басқарма төрағасы.

Инвестициялар жөніндегі ұлттық баяндама жасалған

Рүстем Жүрсінов Инвестициялар жөніндегі ұлттық баяндама әзірленгенін айтып, оның екі бөлімнен тұратынын жеткізді. Оның сөзінше, бірінші кітап Қазақстанның инвестициялық саладағы жетістіктерін насихаттауға арналған. Бұл материалдар Сыртқы істер министрлігімен жасалған келісім аясында барлық елшілік пен шетелдегі өкілдіктерге таратылмақ.

Ал екінші кітапта инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар қамтылған. Оның айтуынша, институционалдық реформалардан бөлек, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты ол жекешелендіру үдерісін тереңдетуді ұсынды.

Сонымен қатар Жүрсінов талап қою мерзіміне қатысты қолданыстағы құқықтық тетіктерді қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі жүйеде талап қою мерзімі құқық бұзушылық анықталған сәттен бастап есептелетіндіктен, ондаған жыл бұрын қабылданған шешімдерге қатысты даулардың қайта көтерілуіне мүмкіндік бар. Сондықтан ол шешім қабылданған күннен бастап бес жылдан аспайтын шекті мерзім белгілеуді ұсынып, мұндай тәсіл құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететінін атап өтті.

Сондай-ақ ол мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру мәселесіне де ерекше тоқталды.

«Біздің қолымыздағы мәліметке сәйкес, небәрі 1670 компания бюджет кірісінің 90 пайызын қамтамасыз етеді. Осындай жағдайда тәуекелдерді басқару жүйесі қалай жұмыс істеуі керек? Қазір бір кәсіпорынға қатарынан бірнеше тексеру жүргізілетін жағдайлар кездеседі. Кейбір мысалдарда бір уақытта сегіз тексеру қатар жүргізілген. Бұл – өте күрделі мәселе», – дейді басқарма төрағасы.

«Азаматтық құқықты жаңғырту қажет»

Рүстем Жүрсіновтің пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесінде цифрландыру басым бағытқа айналуы тиіс. Ол адам факторына тәуелді емес цифрлық тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу қажеттігін айтып, мұндай тәсілдің сот жүйесіне де қатысты екенін атап өтті.

Оның сөзінше, бес жыл бұрын Қазақстан инвесторлар одағы Жоғарғы сотқа жасанды интеллект технологияларын енгізуге қатысқан. Алғашқы кезеңде екі миллион сот шешімі негізінде модель әзірленіп, соның нәтижесінде мемлекет азаматтар мен бизнесті алаңдататын негізгі мәселелерді нақты уақыт режимінде көрсететін «жылу картасын» қалыптастыру мүмкіндігіне ие болған.

Жүрсінов былтыр Бірыңғай өтініштер жүйесіне жүргізілген талдау нәтижесінде бизнестен 800 мың өтініш түскені, оның 665 мыңы бірегей өтініш болғаны анықталғанын айтты. Суперкомпьютер мен жасанды интеллектінің көмегімен әрбір мемлекеттік орган бойынша азаматтар мен кәсіпкерлердің нақты қандай мәселелерге шағымданатыны сараланған.

Ол жаппай реформалар жүргізудің орнына, алдымен осы негізгі проблемаларды шешуге назар аудару қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ өткен жылы мемлекеттік органдарға қарсы берілген төрт мыңнан астам талап-арызды жүйелі түрде зерделеу арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты.

Жүрсінов жаңа Конституцияда маңызды қағидаттардың бекітілуін оң бағалап, ендігі негізгі міндет – оларды іс жүзінде толық жүзеге асыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық төменгі деңгейдегі заңдар жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, алдағы кезеңде ауқымды құқықтық реформалар жүргізілуі тиіс.

«Азаматтық құқықты жаңғырту қажет. Біздің Азаматтық кодекс қашан қабылданды? 1994 жылы. Ал оның негізі 1992 жылғы ТМД елдеріне арналған үлгілік кодекске сүйенген. Оны кімдер жазды? Кеңестік заңгер-ғалымдар. Сондықтан қазіргі таңда кейбір нормалар ескірген. Мысалы, шаруашылық жүргізу құқығы деген институт. Мұндай институтты Еуропа елдері мүлде қолданбайды», – дейді ол.

Былтыр бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға қарсы 4300 талап-арыз берілді

Рүстем Жүрсіновтің айтуынша, бүгінде Қазақстан әділетті әрі жаңа нарықтық экономиканы қалыптастыруға ұмтылғанымен, оның құқықтық негізі әлі де кеңестік кезеңнен қалған тетіктерге сүйеніп отыр.

Ол жаңа Конституцияның әлеуетін толық іске асыру үшін ауқымды құқықтық реформалар қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жұмыстар азаматтық құқықты жаңғыртуды, кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан шығаруды, әкімшілік әділет институтын кеңейтуді және өзге де құқықтық тетіктерді жетілдіруді қамтуы тиіс.

Жүрсінов осы бағыттардың барлығы жүйелі түрде қайта қаралып, кезең-кезеңімен реформалануы қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Конституцияда қаланған құқықтық негіз аталған бастамалардың барлығын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін берік іргетас екеніне сенім білдірді.

Пікірталас модераторы Самал Ибраева 4 мыңнан астам талап-арыз туралы нақтылап сұрады.

«Иә, нақтырақ айтқанда, былтыр бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға қарсы 4300 талап-арыз берілді. Соның 53,1 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Бұл нені білдіреді? Негізінде мұндай даулардың өзі болмауы керек еді. Біз мемлекеттік аппаратты тексерулерге жұмылдырдық. Тексерулер 6-8 айға дейін созылады. Сол уақыт ішінде кәсіпорындардың заңгерлері мен бухгалтерлері тек қорғанумен айналысады. Судьялардың уақыты да босқа кетеді. Ал бұл істерді қарайтын бар болғаны 170 судья ғана бар. Олардың жүктемесі онсыз да өте ауыр. Егер осындай негізсіз даулар болмаса, олар басқа маңызды істерді қарауға уақыт табар еді. Сондықтан бақылау органдары жұмысының сапасын арттыру қажет. Егер даулардың жартысынан көбі бизнестің пайдасына шешіліп жатса, онда мұндай даулардың өзі туындамауы тиіс. Міне, бұл – алдағы жұмыстың ең маңызды бағыттарының бірі», – деп қорытындылады сөзін басқарма төрағасы.