Қазақстанда қазіргі жастардың басым бөлігі саясатқа қызығушылық танытпайды. Дегенмен бұл көзқарас уақыт өте өзгеруі мүмкін. Бұл туралы жаңа Конституцияға арналған ашық пікірталас алаңында халықаралық қатынастар сарапшысы Талғат Қабдығали айтты. Оның сөзінше, жастар елдегі өзгерістерді оң қабылдағанымен, мұның ұзақ мерзімді ықпалына әзірге күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваның айтуынша, белсенді азаматтар осы ұстанымынан таймаса, алдағы уақытта Құрылтай құрамында да жаңа есімдердің пайда болуы әбден мүмкін.
– Ulysmedia әрқашан қолдауға дайын. Бізде журналист жаман, депутат жақсы деген мүдде жоқ. Кейде сынауымыз мүмкін, бірақ түбінде бізде де мемлекеттік мүдде. Ортақ ұстанымымыз бар, – деді ол.
Сонымен қатар Самал Ибраева кейінгі уақытта «Болашақ» бағдарламасымен білім алған азаматтарға қатысты сынның жиілегеніне назар аударды. Оның айтуынша, кейбір кейіпкерлер сұхбат барысында титрда «Болашақ» түлегі екенін көрсетпеуді өтінеді. Алайда ол мемлекет қаржысына білім алған азаматтар ел мүддесіне қызмет етуге тиіс деген пікірде екенін жеткізді. Осы ретте Гарвард университетін тәмамдаған Талғат Қабдығалиды мысалға келтіріп, оның АҚШ-тағы Дональд Трамптың компаниясынан ұсыныс алғанына қарамастан, Қазақстанға оралып, елде еңбек етуді таңдағанын айтты.
АҚШ-ТА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЛАУАЗЫМЫ ЖОҚ
– Шынымды айтсам, менің буынымдағы адамдардың басым бөлігі саясатқа қызықпайды. Саясат олар үшін бөлек әлем сияқты. Мұны өзім де сезінемін, достарыммен сөйлескенде де соны байқаймын. Иә, олар болып жатқан өзгерістерге көбіне оң көзқараспен қарайды, бірақ бұл өзгерістер алдағы уақытта түбегейлі бір нәрсені өзгертеді деп айта бермейді. Сондықтан ойдан ештеңе құрап, насихат жасағым келмейді. Шындықты айтқан дұрыс, – деді спикер.
Талғат Қабдығалидың пікірінше, жаңа Конституция еліміз үшін оң рөл атқарады. Дегенмен қоғамда оған қатысты сұрақтар әлі де бар. Атап айтқанда, премьер-министрдің өкілеті мен рөлі жөніндегі мәселелер талқыланып жатқанын айтты. Оның сөзінше, президент, вице-президент және премьер-министр қатар жұмыс істейтін басқару үлгісін бұрын кездестірмегендіктен, мұндай жүйенің ерекшеліктері алдағы уақытта қоғамға кеңірек түсіндірілгені жөн.
– АҚШ-та вице-президент бар, бірақ оларда премьер-министр лауазымы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы жүйенің ерекшеліктері қоғамға кеңірек түсіндірілсе дұрыс болар еді. Менің білетінім – елімізде аналитикалық орталықтардың жұмысы әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған, бірақ жаңа Конституцияның қабылданған соң бұл бағыт дами түседі деп ойлаймын. Сараптамалық институттардың саны да, ықпалы да бірнеше есе артуы мүмкін, – дейді Талғат Қабдығали.
Спикер саясатқа қызықпайтын қазіргі жастардың бұл көзқарасы уақыт өте келе бұл өзгеруі мүмкін екенін айтты.
– «Саясатпен айналыспасаң, ол бір күні сенімен айналысады» деген қағида бүгінгі қоғам үшін де өзекті, – деді ол.
Еске салайық, бұл пікірлер жаңа Конституцияның қабылдануына арналған ашық пікірталас кезінде айтылды.