Әйел адам екінші рөлде болмаған – Абзал Құспан

Ulysmedia
Ulysmedia

Заңгер Абзал Құспанның пікірінше, Қазақстан Конституциясының преамбуласында көрсетілген «Мыңжылдық тарихи сабақтастығымызды сақтап...» деген тұжырым елдің тарихи жады мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған маңызды қағида.

Оның айтуынша, қазақ қоғамының мыңжылдық тарихына көз жүгіртсек, әйел ешқашан қоғамның екінші қатарындағы тұлға болмаған.

– Конституция преамбуласының өзінен көп әңгіме өрбітуге болады. Кіріспеде "Мыңжылдық тарихи сабақтастығымызды сақтап..." деген сөз бар. Мың жылдық тарихқа назар аударсақ, әйел адам екінші рөлде болмаған. Томирис қайдан шықты? Оған сай келетін тұлғаны әлем тарихынан кездестіре алмайсыз. Кимешек киген әжелеріміз төрде отырған. ХІХ ғасырға дейін Айғаным секілді ел басқарған тұлғалар болды. Екінші дүниежүзілік соғыста Әлия мен Мәншүк те ер азаматтармен қатар майданға қатысып, ерлік көрсетті, – деді заңгер.

Абзал Құспанның пікірінше, әйелді қоғамда екінші орынға қоятын көзқарас – қазақтың төл дүниетанымынан емес, кеңестік кезеңде орныққан таптаурынның салдары.

Ол жаңа Конституцияда бекітілген тарихи сабақтастық қағидаты ұлттық болмыс пен дәстүрлі құндылықтарды қайта бағамдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Әйелдерді екінші орынға қою Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан таптаурын деп ойлаймын. Ал жаңа Конституция мыңжылдық сабақтастық негізінде тарихи тамырымызға оралуға әсер етеді, – деді Абзал Құспан.

КОНТЕКСТ

Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай, Ulysmedia.kz «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» деген тақырыпта пікірталас өткізді.