АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы қақтығыста Вашингтонның мақсатына қол жеткізгенін мәлімдеп, Тегеран АҚШ қойған талаптардың басым бөлігімен келіскенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП НЕ ДЕДІ?
Трамптың сөзінше, АҚШ әскері Иранға қарсы операция барысында көзделген міндеттердің басым бөлігін орындап, аз уақыт ішінде әскери басымдыққа қол жеткізген.
Сонымен қатар ол Тегеранмен жүргізіліп жатқан келіссөздерге де тоқталып, мұның оң нәтиже беруі мүмкін екенін жеткізді.
– Қазір біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз, сондықтан оның нәтижесін күтейік. Менің ойымша, олар бізге қажет дүниелердің барлығына жуық талаппен келісті. Біз Вьетнамда 19 жыл болдық, Ауғанстанда шамамен 10 жыл соғыстық, ал Корей соғысы тіпті ұзаққа созылды. Ал мен Иранмен небәрі төрт ай айналыстым. Нәтижесінде оларды әскери тұрғыдан жеңдік. Иран толық әскери жеңіліске ұшырады. Олардың қолында санаулы ғана зымыран қалды, қаласақ, оларды да жоя алар едік, – деді Трамп CNBC телеарнасына берген сұхбатында.
КЕЛІССӨЗДЕР ТУРАЛЫ
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер 1 шілдеде Қатар мен Пәкістан өкілдерінің қатысуымен өтті.
Иран делегациясын елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади бастап барды. АҚШ тарапынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысты.
Келіссөз барысында Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды.