Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында ауа райы күрт бұзылып, қауіпті жағдайда қалған бір топ демалушы эвакуацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЖМ мәліметінше, демалушылар су көлігімен қарсы бетке өткен. Алайда кейін кері қайта алмаған.
Бұған қатты жел мен толқын себеп болған. Соның салдарынан жағалауға қайту жолы жабылып қалған.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел жетіп, құтқару операциясын жүргізді.
Жағаға 13 адам аман-есен жеткізілді. Олардың жетеуі – бала.
Ешкім зардап шеккен жоқ. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады.
ТЖМ суға түсер алдында ауа райы болжамын алдын ала тексеру маңызды екенін ескертті. Құтқарушылар қатты жел, толқын және басқа да қолайсыз ауа райы кезінде тәуекелге бармауға шақырды.