Трамп Түркиядағы НАТО саммитінде Зеленскиймен кездеспек

Ulysmedia
Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Түркияда өтетін НАТО саммиті аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Келіссөздің басты тақырыбы Украинадағы соғысты тоқтатудың жолдарын іздеу болмақ. Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды өкілге сілтеме жасап мәлімдеді.

Агенттіктің мәліметінше, Трамп саммитке 7 шілдеде келеді. Алдымен ол Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездеседі. Кейін Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен келіссөз өткізіп, баспасөз мәслихатында сөз сөйлейді.

«Бұл соғысты қалай аяқтаймыз?»

Америкалық шенеуніктің айтуынша, Трамп Зеленскиймен 8 шілдеде кездеседі.

– Бұл соғысты қалай аяқтаймыз? Екі лидердің келіссөзіндегі негізгі мәселе осы болмақ, – деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.

Ол майдан шебіндегі жағдай кейінгі кезде айтарлықтай өзгермегенін де атап өтті.

– Кейінгі бірнеше айда майдан шебі тоқтап тұр. Екі тарап та алға жылжыған жоқ. Президент бұл соғысты тоқтатуға шұғыл әрекет ету қажет екенін сезініп отыр, – деді шенеунік.

НАТО шығындары және қорғаныс келісімдері

Саммит кезінде Трамп НАТО бойынша одақтастарын қорғанысқа жұмсалатын шығынды көбейтуге шақырмақ.

– Ол бұл ұстанымын одақтастарға өзі жеткізеді, – деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.

Сондай-ақ саммитте миллиардтаған долларға бағаланатын жаңа қорғаныс келісімдері жариялануы мүмкін. Алайда оның нақты қандай келісімдер екені әзірге айтылмай отыр.

Зеленскийден кейін Путинмен сөйлесуі мүмкін

Reuters дерегінше, Зеленскиймен кездесуден кейін Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен қайта байланысуы ықтимал.

Бұған дейін АҚШ президенті Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме шамамен 90 минутқа созылған.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Трамп соғысты тоқтатуға бағытталған шешім іздеуге көмектесуге дайын екенін білдірген.

Бұған дейін Зеленский Путинді жеке кездесуге шақырған еді. Алайда Ресей президенті бұл ұсыныстан бас тартқан.

Ресей Донбасстың толықтай Мәскеудің бақылауына өтуі ғана жағдайды реттеуге жол ашады деген ұстанымын сақтап отыр. Украина бұл талапты қабылдамайды.