Бұл туралы Greek Media Portal порталы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бастапқыда Кипр ұсынған гуманитарлық көмек пен құтқарушылар жәрдемінен бас тартқан Түркия бір тәулік өтпей райынан қайтты. Ердоған Никосия ұсынысын қабыл алды.
Анкара бұл шешімге қатысты түсініктеме берген жоқ. Ал Greek Media Portal Ердоғанның ұсынысты қабылдауының себебін былайша әдіптепті:
“Қаншама адам қаза тауып жатқанда көмек беруге ниет білдіргенді итеру – оның сайлау алдында саяси беделіне нұқсан келтіреді. Оған көмекті қабылдау туралы хабар Кипр Республикасына Түркия үкіметінің өзінен емес, еуропалық азаматтық қорғау механизмінен келгенін ерекше атап өткен жөн”.
Айта кетейік, Қазақстан президенті зілзала зардабын тартқан Түркияға көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырды.
Сондай-ақ, Түркиядағы құтқару жұмыстарына көмектесу үшін елімізден құтқарушылардың екі тобы жіберілді.
Қазір ҚР ТЖМ қызметкерлері Хатай қаласында жоғалып кеткен екі қазақстандықтың болжалды орналасқан жерінде үйіндіні аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр.