Трамп Конгреске Иранға қарсы соғыстың қайта басталғанын мәлімдеді

Ulysmedia
ЖИ/ Ulysmedia

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске елдің Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастағаны туралы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОҒЫС ҚАЙТА БАСТАЛДЫ

Трамптың Конгреске жолдаған хатында АҚШ-тың құрлықтағы әскерлері бұл соққыларға қатыспайтыны айтылған.

– АҚШ-тың құрлықтағы әскері бұл соққыларға тартылған жоқ. Соққылар ауқымы жағынан шектеулі әрі жағдайға сай жоспарланған. Операциялар бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды барынша азайту мақсатында ұйымдастырылып, жүзеге асырылып жатыр, – делінген хатта.

ЗАҢДЫҚ НЕГІЗІ

АҚШ-тың Әскери өкілеттіктер туралы заңына сәйкес, президент Конгрестің келісімінсіз шетелде қарулы күштерді 60 күнге дейін пайдалана алады. Осы мерзім аяқталған соң, егер Конгресс операцияны мақұлдамаса немесе тағы 30 күнге ұзарту туралы шешім қабылдамаса, әскерді кері қайтаруға міндетті.

АҚШ 28 ақпаннан бері Конгрестің мақұлдауынсыз Иранға қарсы әскери іс-қимыл жүргізіп келген. 60 күндік мерзім аяқталғаннан кейін, 1 мамырда Дональд Трамп заң шығарушыларға қақтығыстың аяқталғаны туралы хабарлаған. Кейін, 18 маусымда АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.