Өскемендегі «Қазақстан» тауында орнатылған мемлекеттік ту екпіні күшті желдің салдарынан бүлінді. Жыртылған тудың кадрлары әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
«Қазақстан» тауы – Өскемендегі танымал орындардың бірі. Таудың бөктерінде биіктігі алты метрлік «Қазақстан» деген жазу орналасқан, ал оның жанында мемлекеттік ту желбіреп тұрған. Бұл жер қала тұрғындары мен туристер жиі баратын көрікті орын саналады.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға пікір білдірген қолданушылар таудың шыңында желдің жиі қатты соғатынын айтқан.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тудың жел әсерінен бүлінгенін растады. Қазір ол алынып тасталған.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты жаңа талаптар күшіне енген. Енді азаматтарға мемлекеттік туды, соның ішінде балкондарға ілуге рұқсат берілді. Сонымен қатар ережеге сәйкес, бүлінген, ластанған немесе түсі оңған туларды пайдалануға болмайды.