Қаржылық мониторинг агенттігі Ақмола облысы Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды.
– Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылды.
ТЕРГЕУ
Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталып жатыр
Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.