Нетаньяху АҚШ-қа барса, ұсталуы мүмкін

Ulysmedia
Global Look Press/CNP/AdMedia

Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясының дәстүрлі қыркүйек сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келсе, оны ұстау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Мамдани бұл туралы The New York Times басылымына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, Нью-Йорк қаласының заң департаменті қала билігінің шетел мемлекеті үкіметінің басшысын ұстау туралы полицияға тапсырма беруге заңды өкілеттігі бар-жоғын зерттеп жатыр.

– Біз тек заң аясында әрекет етеміз. Егер қолданыстағы заңдар Нью-Йоркте мұндай әрекет жасауға мүмкіндік берсе, біз соған сәйкес қимылдаймыз. Бірақ өзіміз заң ойлап таппаймыз, – деді мэр.

Мамдани сондай-ақ Нетаньяхудың «Гаагада болуы керек» деген пікірін қайталап, Халықаралық қылмыстық сот бұған дейін Израиль премьер-министрін тұтқындауға ордер бергенін еске салды.

Сонымен бірге ол түпкілікті шешім тек қала билігінің заңды өкілетіне берілетін құқықтық бағаға байланысты қабылданатынын атап өтті.

Зохран Мамдани Нью-Йорк мэрі қызметіне сайлауалды науқаны кезінде де, егер сайлауда жеңіске жетсе, Нетаньяху қалаға келген жағдайда оны ұстауға бұйрық беретінін айтқан болатын. Енді ол мұндай әрекет тек заңды негіз болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын нақтылады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Ыстамбұлдың бас прокуратурасы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға және тағы 36 израильдік шенеунікке қатысты қамауға алу туралы ордер шығарған еді.