Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева YouTube-тегі «Ахуал сегодня» арнасының авторы Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, Қазақстанда сатира мен әзіл үшін жауапкершілік көзделмегенін, алайда араздықты қоздыру белгілері анықталған жағдайда заң алдында жауап беру міндетті екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрдің сөзінше, әлеуметтік желілерде Омаровтың «жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін ұсталды» деген пікірлер тарап жатыр.
– Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген, – деп жазды Аида Балаева.
Сонымен қатар министр Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
– Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды, – деді министр.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру») бойынша қозғалған іс аясында екі айға қамауға алынды. Полиция мәліметінше, оған қатысты бұлтартпау шарасын сот 18 шілдеде санкциялаған.
Ал халықаралық «Әділ сөз» қоры журналистің ұсталуына байланысты ресми түсініктеме беруді талап етіп, қылмыстық істің нақты қандай жарияланымдарға байланысты қозғалғанын жариялауға шақырған.