Кремль Тоқаевтың Украинадағы соғысты уақытша тоқтату туралы ұсынысына жауап берді.

Ulysmedia
РИА новости

Кремль Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысты уақытша тоқтату жөніндегі ұсынысына пікір білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Владимир Путин бұл мәселені Тоқаевпен талқылап үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Песков Қазақстан Президентінің Украина мәселесіне қатысты ұстанымы тұрақты екенін, алайда Мәскеу онымен толық келіспейтінін айтты.

«Оның бұл мәселеге қатысты ұстанымы тұрақты. Бірақ бұл біз онымен келісеміз деген сөз емес. Соған қарамастан Қазақстан – біздің ең жақын серіктесіміз әрі одақтасымыз», – деді Песков.

Оның сөзінше, кездесу барысында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресейдің ұстанымын және соғыс қимылдарының қазіргі барысын егжей-тегжейлі түсіндірген.

«Қақтығысты тоқтатып қою мүмкін емес»

Кремль өкілі Ресей қақтығысты қазіргі күйінде тоқтатып қою нұсқасын қолдамайтынын мәлімдеді.

«Қақтығысты жай ғана тоқтатып қою мүмкін емес. Біз үшін ең басты талап – алға қойған мақсаттарымызға жету», – деді ол.

Песковтың айтуынша, Ресей бұдан екі жыл бұрын Сыртқы істер министрлігі жариялаған бітім шарттарын әлі де күшінде деп есептейді.

Сонымен қатар, ол Украина билігі тиісті шешім қабылдаған жағдайда, соғыс қимылдары «сол күннің аяғына дейін-ақ» тоқтауы мүмкін деген Мәскеудің пікірін жеткізді.

Тоқаев не ұсынды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Владимир Путинмен кездесуі кезінде қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөз үстеліне қайта оралу мүмкіндігін қарастыратын кез келгенін айтты.

«Бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, оның ішінде бізге де толық түсінікті емес. Мәселен, Әзербайжан мен Армения арасындағы, оның ішінде ұзақ уақыт бойы шешілмей келген қақтығыстың себептері мен шығу тарихы бізге түсінікті еді. Оның тамыры тереңде жатыр. Ал бұл жағдайдың мәнін түсіну өте қиын», – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев бұған дейінгі келіссөздерде тараптар едәуір ілгерілегенін атап өтіп, «Ыстамбұл формуласы 2.0» негізінде диалогты қайта жандандыруды ұсынды.

Кездесу Омбыда өтті

Украинадағы соғысты реттеу мәселесі Қазақстан мен Ресей президенттері қатысқан XXII өңіраралық ынтымақтастық форумында көтерілді.

Омбыда өткен форум аясында жастар форумы, Қазақстан-Ресей және Ресей-Қазақстан іскерлік кеңестерінің бірлескен отырысы, кәсіпкерлердің байланыс алаңы, сондай-ақ, мәдени және көрме іс-шаралары ұйымдастырылды.