Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының қойма кешендерін Қазақстан аумағына ықтимал көшіру мәселесіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Wildberries тарапынан Қазақстан аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыруға қатысты ресми өтініш түспеген.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай ұсыныс келіп түссе, ол Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескере отырып және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.
Министрлік халықаралық компаниялардың инвестициялық жобалары елдің ұлттық мүддесіне сай әрі өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуге тиіс.
Сондай-ақ ведомство Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтып, заманауи қойма инфрақұрылымын дамытуға, трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Министрлік тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері Қазақстан заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларына сәйкес реттелетінін еске салды. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушылары үшін ешқандай ерекше жағдай немесе арнайы талап қарастырылмайды.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін ресейлік «Коммерсант» басылымы Украина дрондарының Ресейдегі логистикалық орталықтарға жасаған шабуылдарынан кейін Wildberries Қазақстаннан шамамен 100 мың шаршы метр қосымша қойма іздеп жатқанын жазған еді. Басылымның мәліметінше, компания логистикалық қуатының бір бөлігін қауіпсіз аймаққа орналастыруды көздеп отыр.
Алайда Wildberries бұл ақпаратты тікелей растамай, тек логистикалық желісін дамытуды жалғастырып жатқанын мәлімдеген. Компания Алматыда ауданы 100 мың шаршы метрден асатын қойма, ал Астанада көлемі 160 мың шаршы метр болатын логистикалық орталық салып жатыр.