Карабинмен атып өлтірген: Қостанайда қаржы полициясының экс-қызметкерінің соты өтіп жатыр

Ulysmedia
kstnews.kz/

Қостанайда бұрынғы әйелін атып өлтірді деп айып тағылған қаржы полициясының экс-қызметкері Таир Сәрсембинге қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Қостанай қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында 47 жастағы Таир Сәрсембинге қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Ол бұрынғы жұбайы, 37 жастағы Юлия Сәрсембинаны өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. Қайғылы жағдай болған күні олардың тоғыз жасар қызы да оқиға орнында болған.

«Қостанай жаңалықтары» басылымының мәліметінше, Таир Сәрсембин бұған дейін қаржы полициясындақызмет еткен. Кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалына қауіпсіздік жөніндегі уәкіл болып жұмысқа орналасқан.

Оған адам өлтіру, ұрып-соғу және қорқыту баптары бойынша айып тағылған.

Айыптау тарапының мәліметінше, ер адам бұрынғы жұбайының үйіне аңшылық карабинімен келіп, оған жақын қашықтықтан екі рет оқ атқан. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Қайғылы оқиға кезінде олардың тоғыз жасар қызы баспалдақ алаңында болған. Қыз анасының айқайын және атылған оқтың дауысын естіген.

Юлия мен Таир 2015 жылы шаңырақ көтеріп, бес жылдан кейін ажырасқан. Марқұмның жақындарының айтуынша, отбасындағы келіспеушілік Сәрсембиннің қызғанышынан басталған.

Ажырасқаннан кейін олар қыздары үшін қарым-қатынасты жалғастырып, тіпті арадағы байланысты қайта қалпына келтіруге де талпынып көрген.

– Ол өте қайсар жан еді, ешқашан оған бағынбас еді. Бұл жай ғана ашуға булығып жасаған әрекет емес. Ол кісі өлтіруге алдын ала дайындалған. Пәтерге арнайы карабин алып келген, – деді марқұмныңәкесі Евгений Бондаренко.

Жәбірленуші тараптың өкілдері қылмыс ерекше қатыгездікпен жасалған деп есептейді. Олардың пікірінше, бұған қылмыс кезінде оқиға орнында кәмелетке толмаған баланың болуы дәлел.

Қазір Юлияның қызы Ресейде тұрады. Әжесі мен атасы оны қамқорлығына алған.

Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.