Қазақстан нарығына жаңа ірі әуе компаниясы кіреді

Ulysmedia
Pixabay.com

31 шілдеден бастап түркиялық SunExpress әуе компаниясы Алматы мен Измир арасында тікелей рейстерді орындай бастайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

SunExpress Қазақстанның әуе тасымалы нарығына кіретін шетелдік жаңа әуе компания болады. Алматы – Измир бағытындағы рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Бағытта Boeing 737 ұшақтары пайдаланылады.

– Әуе компаниясы Алматы – Измир бағыты бойынша тұрақты тікелей жолаушылар рейстерін орындай бастайды. Рейстер аптасына екі рет (сейсенбі және жұма күндері) Boeing 737 үлгісіндегі әуе кемелерімен жүзеге асырылады, – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Измир Түркияның батысында, Эгей теңізінің жағалауында орналасқан. Жаңа бағыт Алматы тұрғындарына Түркияға тікелей ұшудың тағы бір мүмкіндігін ұсынады.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Түркия арасындағы туризмді, іскерлік байланыстарды және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

АНЫҚТАМА

SunExpress – 1989 жылы Turkish Airlines пен Lufthansa компанияларының бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған түрік-неміс әуе компаниясы. Қазір де екі компания оның акционерлері болып қала береді. Әуе компаниясының штаб-пәтері Анталия қаласында орналасқан.

2025 жылы SunExpress шамамен 16 миллион жолаушыға қызмет көрсетті.