Молдовада дизель жетіспей жатыр: билік себептердің бірін Қазақстан мұнайымен байланыстырды

Ulysmedia
Pixabay.com

Молдовада дизель отынының тапшылығы байқалды. Елде жанармай жеткізілімі бірнеше күнге кешігіп, тұтынушылар кезек күтуге мәжбүр. Сарапшылар тапшылықтың себептерінің бірі ретінде Қазақстан мұнайының Румыниядағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілуіндегі іркілістерді атап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ДИЗЕЛЬГЕ ФЕРМЕРЛЕР ЗӘРУ

28 шілдеде Молдова үкіметі энергетика саласында 30 күнге жоғары дайындық режимін енгізді. Дизель тапшылығы туралы алғаш болып фермерлер дабыл қақты. Олар жанармай жеткізілімін бес-жеті күн күтуге мәжбүр.

DW басылымының жазуынша, бұл ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз кезеңге тұспа-тұс келді. Қазір егін орағы жүріп жатыр, фермерлер күздік дақылдар егуге алқаптарды дайындап жатыр. Ал дизель жоқ болғандықтан, ауыл шаруашылығы техникасы тоқтап тұр.

– Мұндай жағдай белгілі болғандықтан, билік алдын ала әрекет етіп, маусым басталғанға дейін Молдова сияқты шағын ел үшін қосымша жанармай қорын жинақтауы керек еді, – дейді жергілікті диқандар DW-ге берген сұхбатында.

Биліктің бағалауынша, қолдағы жанармай қоры елге шамамен сегіз күнге ғана жетеді. Қазір Молдова қосымша сатып алуларды жалғастырып, қорды 12-13 күнге жеткізуді жоспарлап отыр.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Молдова премьер-министрі Василе Тофанның айтуынша, дизель тапшылығы бірнеше жеткізілім мәселесінің салдарынан туындаған. Соның бірі – қазақстандық мұнайға байланысты.

Новороссийскідегі терминалдардың зақымдануынан кейін Қазақстаннан Румыниядағы Petromidia мұнай өңдеу зауытына шикізат жеткізу көлемі азайған.

Ал Молдова Румыниядан келетін жанармайға толықтай дерлік тәуелді. Ел бензиннің шамамен 99%-ын, дизельдің 70%-ын, сұйытылған газдың 70%-ын және импортталатын авиациялық керосиннің барлығын осы елден алады.

Жағдайды Дунай өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі де ушықтырды. Су азайғандықтан, жанармай тиелген баржаларды толық жүктеу мүмкін болмай отыр. Әйтпесе олар Молдованың Джурджулешты портына өте алмайды.

Тапшылық аясында Молдовада дизель бағасы рекордтық деңгейге – литріне 31 лейге (шамамен 1,5 еуро) дейін өсті. Премьер-министр тұрғындар мен бизнесті жанармайды үнемдеп пайдалануға шақырды.

Еске салайық, 30 шілдеде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандары тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Дрондардың бірі консорциумның теңіз терминалында «Теңізшевройл» мұнайын тиеп жатқан NIFFOS SIFNOS танкеріне соққы жасаған.