Жамбыл облысы Шу аудандық соты теміржолда төрт қызметкердің қаза болуына байланысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» аралығында болған. Сол күні жүк пойызы теміржол сүйемелін жөндеп жатқан бригаданы басып кеткен.
– Сот материалдары бойынша, жұмыстар аралық жабылмай және қажетті қауіпсіздік шаралары сақталмай жүргізілген. Сондай-ақ пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы уақытылы ескертілмеген. Оқиға салдарынан төрт қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған, – деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.
СОТ ҮКІМІ
Соттың 2026 жылғы 9 шілдедегі үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Сонымен қатар сот үкімімен үш адамға да теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды транспорттық прокуратура қолдады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.