Таиландта із-түзсіз жоғалған 22 жастағы Диана мен оның 17 жастағы інісі Роман өлі күйінде табылды. Таиланд полициясы кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен екі ер адамды ұстады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, олар қылмыс жасағанын мойындаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мотоциклді тартып алмақ болған
Диана мен Роман 26 шілде күні Паттайяда жоғалып кеткен. Олар Honda ADV 150 маркалы мотоциклімен үйден шығып, содан кейін байланысқа шықпаған.
Бірнеше күннен кейін полиция олардың мотоциклін тапты. Қылмыскерлер көлікті бөлшектеп, ескі зират аумағындағы екі шұңқырға көміп тастаған.
Күдіктілер ретінде 43 жастағы Танана (лақап аты Понг) мен 39 жастағы Тхонгчай (лақап аты Тхонг) ұсталды. Олар Са Кео провинциясында қолға түскен. Тергеу мәліметінше, күдіктілер қашып кетпек болған.
Жауап алу кезінде олар мотоциклді ұрламақ болғандарын, алайда Диана мен Роман қарсылық көрсеткенін айтқан. Романға оқ атқан, ол көз жұмған. Ал Диана аяусыз соққыға жығылып, алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Осыдан кейін қылмыскерлер олардың мәйіттерін Чонбури провинциясындағы Кхао Чи Чан тауының маңына апарып, жерлеген.
Соңына дейін үміт үзбеген
Кейінгі бірнеше күнде Диана мен Романның тағдырын мыңдаған адам бақылап отырды. Әлеуметтік желілерде олардың суреттері мен іздеу хабарламалары кеңінен таратылып, түрлі болжам айтылды. Көпшілік жастардың аман табылатынына сенген.
Тіпті экстрасенстер де бұл іске араласқан. Солардың бірі Диананың қаза тапқанын, ал Романның қараусыз қалған үйде тірі отырғанын айтқан. Желі қолданушылары бұл ақпаратты тексеріп, жасөспірімді тезірек табуды сұраған.
Қауіпсіздік мәселесі талқыға түсті
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Таиландқа саяхаттаудың қауіпсіздігі де қызу талқылана бастады.
Желі қолданушыларының бірі Пхукетте серуендеп жүргенде жергілікті әйелдің өзін көлігіне отырғызуға қайта-қайта шақырғанын айтып берді.
– Мен оған ешқайда бармайтынымды, жай ғана серуендеп жүргенімді түсіндірдім. Сонда ол телефондағы аудармашы арқылы: «Таиландтағы адамдардың бәрі бірдей жақсы емес», – деп жазып көрсетті, – дейді әйел.
Бұған дейін Ulysmedia.kz Диананың жоғалар алдында анасына өзін біреудің аңдып жүрген болуы мүмкін екенін айтқанын жазған еді. Оның iPhone телефоны жақын маңнан белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтаған. Кейін ағалы-қарындас үйден шыққан соң, Диананың телефонынан «Urgent!» («Шұғыл!») деген қысқа хабарлама келіп, артынша байланыс үзілген.
Кейін олардың бөлшектелген мотоциклі ескі зираттан табылды. Жергілікті тұрғындардың бірі сол маңда бірнеше ер адамның бір нәрсені көміп жатқанын көргенін айтқан. Қазір полиция адам өлтіру ісінің барлық мән-жайын анықтап жатыр.