33 жыл еңбек еткен малшыны «100 жылқы жымқырды» деп соттаған: ер адам сот залынан босатылды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ақтөбе облыстық соты 100 бас жылқыны ұрлады деген айыппен жеті жылға сотталған 60 жастағы Рахат Сәрсеновке қатысты үкімді өзгертті. Апелляциялық сот қосымша дәлелдерді зерттеп, іс бойынша бір ғана жылқының жоғалғанын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ақтөбе облыстық сотында өткен апелляциялық отырыста Рахат Сәрсеновке тағайындалған жаза жеңілдетіліп, ол қамаудан босатылды. Бұған дейін Мұғалжар аудандық соты жылқышыны 100 бас жылқыны ұрлады деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ, оның мойнына 30 млн теңге материалдық шығын жүктелген.

Апелляциялық сотта қорғаушы тарап ұсынған қосымша дәлелдер зерттелгеннен кейін іс бойынша бір ғана жылқының жоғалғаны белгілі болды.

30 жылдан астам уақытын осы кәсіпке арнаған

Рахат Сәрсенов 28 жасынан бастап жылқы бағып, өмірінің 30 жылдан астам уақытын осы кәсіпке арнаған. Туыстарының айтуынша, ол мал бағып жүрген кезде инсульт алып, кейін бір қолы мен бір аяғы істемей қалған. Қазір сөйлеуі де қиындаған.

Stan.kz мәліметінше, cот отырысында Сәрсенов жауап бере алмай, үнсіз жылап отырды.

Оның әпкесі Алтынай Сәрсенова інісінің денсаулығы өте ауыр екенін айтты.

«Қан қысымы 250–280-нен түспейді. Қазір бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемейді, киімін де өзі кие алмайды. Ауырып жатқан кезінде үстінен арыз жазып, 100 бас жылқыны мойнына ілген. Сауаты болмағандықтан, қорыққанынан құжаттарға қол қойып берген», – деді ол.

Туыстары Сәрсеновтің қандай құжаттарға қол қойғанын түсінбегенін, тіпті оның үйі банкке кепілге қойылғанын кейін білгендерін жеткізді.

«Бір ғана жылқы болған»

Сотталған азаматтың әйелі Райхан Сәрсенова күйеуіне жала жабылғанын мәлімдеді.

«Бір бас жылқы ғана болған. Оны бір балаға мініп жүруге берген. Кейін ол жылқыны 500 мың теңгеге сатып алдым деп айтты. Күйеуім өмір бойы жұмыс істеді, бірақ зейнетақы қорына тиісті қаражат түспеген, еңбек өтілі де есептелмеген», – деді ол.

Райхан Сәрсенова да екінші топтағы мүгедек. Ерлі-зайыптының бес баласы бар.

Үкім алай өзгерді?

Апелляциялық сот Мұғалжар аудандық сотының 2026 жылғы 15 мамырдағы үкімін өзгертті.

Рахат Сәрсеновтің әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан 189-баптың 1-бөлігіне қайта сараланды.

Сот оған алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза үш айға дейін қысқартылды.

Қамауда өткізген әр күні бас бостандығын шектеу жазасының екі күніне теңестіріліп, жаза өтелді деп танылды. Осыған байланысты Сәрсенов сот залынан дереу босатылды.

Сонымен қатар, өндірілетін материалдық залал көлемі 30 млн теңгеден 600 мың теңгеге дейін азайтылды.