Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы: қазақстандықтар Ұлдана Мырзуанның күйеуін неге сынға алды?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Сегіз ай бұрын бүкіл Қазақстан астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуанның тағдырына алаңдап, жаңалығын қалт жібермей бақылап отырды. Ол тұрғын үйдің қасбеті опырылып түскен жерде зардап шеккен адамдарға көмек көрсету үшін барған еді. Алайда өзі ауыр кондиционер құрылғысының астында қалды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күресті. Өкінішке қарай, қызды аман алып қалу мүмкін болмады. Президент Ұлдананы қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, ал қазақстандықтар оны нағыз қаһарман деп атады. Бұл оқиға тергеумен және кінәлілерді анықтаумен аяқталатын секілді еді. Алайда бүгін Ұлдананың есімі қайтадан көптің аузында жүр. Бұл жолы жағымды себеппен емес. Оның күйеуі Әділет Зейнел қайта үйленді. Бұл жағдай неліктен қоғамда осыншалықты үлкен дау туғызғанын Ulysmedia.kz саралап көрді.

Апта бойы әлеуметтік желіде Әділет Зейнелдің үйлену тойынан түсірілген фото мен видеолар тарап жатты. Марқұмның таныстары оның жаңа әйелі Ұлдананың жақын құрбысы әрі әріптесі болғанын жаза бастады.

Бұл кадрлар қаза болған қыздың отбасына да жетті. Ұлдананың анасы үнсіз қалмай, видеоүндеу жариялады. Әйел алғаш рет қызы қайтыс болғаннан кейін не болғанын ашық айтып беруге шешім қабылдады.

Оны бүкіл ел аяды

Қайғылы оқиғаға дейін бұл отбасының өмірі бақытты көрінетін. Ұлдана мен Әділет 2017 жылдан бері таныс болған. Олар қарым-қатынастарын 2025 жылы ғана ресми түрде рәсімдеді. Ерлі-зайыпты бірге небәрі бір айдан сәл астам уақыт өмір сүріп үлгерді.

Былтыр 8 қарашада Ұлдана Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйге шақырту бойынша барған. Онда ғимарат қасбетінің қаптамасы опырылып түскен еді.

Қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған. Ол үйінді астынан балаларды алып шыққан. Алайда бірнеше секундтан кейін үстіне кондиционердің ауыр сыртқы бөлігі құлаған.

Келесі он күн бойы дәрігерлер фельдшердің өмірін сақтап қалуға тырысты. Осы аралықта қазақстандықтар ауруханадан келетін әр хабарды күтіп, ғажайыпқа сенді.

Бірақ 18 қарашада Ұлдананың алған жарақаттарынан қайтыс болғаны белгілі болды. Ол небәрі 23 жаста еді.

Қазақстан президенті қызды қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Жұбайы қайтыс болғаннан кейін Әділет әлеуметтік желіде жиі жазба жариялап жүрді. Ол ауыр қазаны бастан кешіп жатқанын, жары туралы естеліктерін бөлісетінін және өмірін әрі қарай жалғастырудың қаншалық қиын екенін жазды.

Жұрт оның жазбаларына мыңдаған қолдау пікірін қалдырды. Көпшілік жігіттің басына тым ауыр сынақ түскенін, олардың отбасылық өмірі енді ғана басталғанын айтып жұбатты.

Алайда арада сегіз ай өткенде оның қайта үйленгені туралы хабар көпшілік үшін тосын жаңалық болды. Әсіресе әлеуметтік желіде Әділеттің жаңа жары Ұлдананың жақын құрбысы әрі әріптесі екені айтыла бастағаннан кейін бұл мәселе қызу талқыланды.

Қазір ер адамның жеке өмірін бүкіл ел талқылап жатқандай.

«Ұлдананың ақшасы мен көлігін иемденіп алды»

Қоғамда адам осындай қайғыдан кейін қайта отбасын құруға құқылы ма деген пікірталас жүріп жатқанда, марқұмның анасы Сәлима Ешанқұлова үнсіздігін бұзды.

Ол видеоүндеу жариялады.

Анасы күйеу баласының үйленгенін той өтіп кеткеннен кейін ғана білген.

Үйленгелі жүргенін бізге бір ауыз айтқан жоқ. Өзі де, отбасы да ескертпеді. Қызымның өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Әділет бұл істе жәбірленуші ретінде танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартқанын қалаймын, – деді марқұмның анасы.

Демек қылмыстық іс әлі аяқталмаған.

Еске салайық, қайғылы оқиғадан кейін алдымен сапасыз құрылыс бабы бойынша іс қозғалған. Кейін қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмысты орындауға қатысты тағы бір бап қосылды.

Яғни Ұлдананың өліміне кімнің кінәлі екені әлі ресми түрде анықталған жоқ.

Алайда Ұлдананың анасына үйлену тойы туралы әңгімеден гөрі, қызынан қалған дүние туралы мәселе ауыр тиген.

Қызы көлігін өз ақшасына сатып алған, өзі еңбек еткен және 17 жасынан бастап зейнетақы қорына қаражат жинаған. Заң бойынша бұл ақша жұбайына берілген.

Ал көлік ата-анасына өтуі керек еді. Бірақ Сәлима Ешанқұлованың айтуынша, көлік бірнеше ай бойы Әділетте болған. Көлік марқұмның отбасы атына тек 22 шілдеде қайта рәсімделген.

Оның өз еңбегімен, адал тапқан ақшасына сатып алған көлігі болды. Сондай-ақ 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы қаражаты бар еді. Анасы ретінде қызымның заңды құқықтарын қорғауға ниеттімін, - деді әйел.

Құқығы бар ма, әлде тым ерте ме?

Әлеуметтік желіде жұрт осы оқиғаны талқылап жатыр.

Қазақстандықтар екіге бөлінді. Бірі адамның өмірін қайта бастауға құқығы бар дейді. Екіншісі арада тым аз уақыт өткенін алға тартады.

Өйткені қазақ арасында жақын адам қайтыс болғаннан кейін жылын өткізбей той жасамау дәстүрі бекер қалыптаспаған.

Марқұмның қабіріндегі топырақ кеуіп үлгерсін, ең болмаса жылы өтсін, ас берілсін. Адамгершілік қайда? Ар мен ұят қайда? Сендер бұл қыздың жақындарын екінші рет өлтірдіңдер.

Ұлдананың бүкіл жасауы мен зейнетақы қорындағы жинағын күйеуі алған. Тіпті өз көлігі де осы уақыт бойы оның қолында болған. Сот әлі жүріп жатыр, ал Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Ол неден жәбір көрді? Соған қарамастан үйленіп алды. Кімге? Ұлдананың жақын құрбысы әрі әріптесіне. Бұл қандай әділетсіздік?

Әйелінің өліміне байланысты берілген өтемақыға жаңа жарына той жасау ма? Ақшаны ата-анасына қайтарсын! Петиция жасап, қоғамның назарын аудару керек. Көлік пен ақшаны ата-анасына берсін, - деп жазды желі қолданушылары.

Қоғам тойды, ақшаны және бұл оқиғаның адамгершілік жағын талқылап жатқанда, қылмыстық іс әлі жалғасып жатыр.

Тергеушілер былтыр 8 қарашада болған қайғылы оқиғаға кімнің жауапты екенін анықтап жатыр.