Қырғызстан Өзбекстанмен жасалған келісімнен кейін өз бақылауына өтетін ауылдарды ресми түрде қабылдай бастады. 3 тамыздан бастап Чоң-Гара және Таш-Дөбө ауылдарында арнайы комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Олар тұрғындарды түгендеп, қырғыз құжаттарын қалай алуға болатынын түсіндіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Екі ауылда шамамен 2,5 мың адам тұрады. Олардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар. Барлық рәсім аяқталғаннан кейін тұрғындар Қырғызстан азаматтығын ала алады.
Оның орнына Бішкек Өзбекстанға дәл осындай көлемдегі басқа жер учаскесін береді. Мұндай аумақ алмасу екі ел арасындағы ортақ шекараны делимитациялау және демаркациялау туралы келісімде қарастырылған.
Қазір ауылдарда екі елдің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар тұрғындардың тізімін жасап, құжаттарын тексеріп жатыр.
КОНТЕКСТ
Маусым айында Қырғызстан Қазақстанға да осындай аумақ алмасуды ұсынған. Ол кезде сөз Тоқмақ маңындағы жол учаскесі туралы болған. Бішкек бұл аумақты Кеминге дейінгі жаңа ақылы автожол салу үшін қажет екенін түсіндірген.