Wildberries қоймаларына шабуыл: министр қазақстандықтарға үндеу жасады

Ulysmedia
Retired electrician / Wikimedia Commons, CC0

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен журналистер украиналық дрондар шабуыл жасаған ресейлік маркетплейстерден тауарға тапсырыс беруге үйреніп қалған қазақстандықтардың енді не істеуі керегін сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кәсіпкерлерге кеңес

Арман Шаққалиев Wildberries қоймаларына жасалған әуе шабуылдары туралы ақпаратқа пікір білдірді.

– Белгілі бір маркетплейсті, сауда алаңын таңдаған кезде кәсіпкер де, тұтынушы да баға мен сапаның арақатынасына, сондай-ақ жеткізу жылдамдығына мән береді. Сонымен қатар Қазақстанның Сауда министрі ретінде мен әрдайым біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды барынша пайдалану қажет екенін айтып келемін. Бүгінде қалыптасқан жағдай саудадағы маңызды факторлардың бірі кепілдендірілген жеткізілім екенін көрсетті, – деді ол.

Шаққалиев қазақстандық кәсіпкерлерге қазіргі жағдайда маркетплейстерді таңдауға барынша мұқият қарауға кеңес берді. Бұл ретте қолданыстағы сауда бағыттарын, қазіргі ахуалды, тауар жеткізіліміне байланысты туындауы мүмкін тәуекелдерді, сондай-ақ тауарларды сақтау мәселелерін ескеруге шақырды.

Ал сатып алушылар не істеуі керек?

Министр Қазақстандағы сатып алушыларға да кеңес берді.

– Менің кеңесім қарапайым: Қазақстан аумағында орналасқан тауарларды және жеткізіліміне кепілдік берілген өнімдерді таңдаңыздар. Сондай-ақ өздеріңіз сенетін маркетплейстерді таңдауға кеңес беремін. Әрине, қазіргі жағдайды да бақылап отыру қажет. Бүгінде бәріміз сауатты әрі ақпараттандырылған тұтынушымыз. Сондықтан тауарды жеткізуге кепілдік бере алатын сауда алаңдарын пайдаланған жөн. Бұл жағдайда тұтынушы ретінде сіз тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңмен көбірек қорғалған боласыз, – деді ол.

Сонымен қатар журналистер министрден Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан қанша қазақстандық кәсіпкер зардап шеккенін сұрады. Алайда Сауда және интеграция министрі бұл сұраққа нақты жауап бермеді. Ол тергеу жүріп жатқанын және есеп толық аяқталмағанын айтты.