Қазақстанның 22 жастағы азаматы Солтүстік Кипрдің Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде пышақ шабуылынан кейін өте ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Жергілікті полицияның мәліметінше, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында Metropol Market супермаркетінде болған. Әзірге себебі белгісіз ер адам қызға шабуыл жасап, оған бірнеше рет пышақ сұққан.
Шабуылдан кейін ер адам сол пышақпен өзін де жаралаған. Екеуі де шұғыл түрде доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілген. Қазір екеуі де дәрігерлердің бақылауында.
Қылмыстың нақты себебі әзірше ресми түрде анықталған жоқ. Полиция тергеуді жалғастырып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Шабуыл жасаған адам туралы не белгілі?
Солтүстік Кипр БАҚ-тарының хабарлауынша, шабуыл жасаған адам зардап шеккен қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық қыздың аты-жөні – Жанерке Әбдіразақова. Ол 22 жаста. Шабуыл салдарынан қыз ауыр пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр.
Ulysmedia.kz Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, оқиғаға қатысты түсінік сұрады. Ведомство тексеруден кейін ақпарат беруге уәде етті.