Қазақстанда алтынды заңсыз өндірген тағы бір қылмыстық топ ұсталды

Ulysmedia

Қызылорда облысының Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Операцияны ҚМА облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаманкөл шатқалында алтын өндірген

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірген. Топ мүшелері арасында міндеттер нақты бөлінген. Бір бөлігі алтын іздеушілерді тартып, өндіріс жұмысын ұйымдастырса, өзгелері өндірілген өнімді тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

Заңсыз өндірісті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды бақылаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгені туралы алдын ала ескертіп отырған.

Өндірілген алтын кейін сату үшін Алматыға жеткізіліп, одан түскен қаражат топ мүшелерінің арасында бөлінген.

500 грамнан астам шикізат тәркіленді

Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылған.

Қазір қылмыстық топтың 13 мүшесі қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.