Аты дауға қалған экс-шенеуніктің ағасы Атырау мұнай өңдеу зауытын басқаратын болды

Ulysmedia
ҚазМұнайГаз

Қазақстандағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) басшылығы ауысқаны туралы ақпарат ресми түрде расталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресми расталды

7 тамызда «ҚазМұнайГаз» компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас директоры болып Мұратжан Мұсайбеков тағайындалғанын хабарлады. 2025 жылдың сәуірінен бері АМӨЗ-ді басқарған Қуаныш Бишімовтің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Бұл шешім «АМӨЗ» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған. Жаңа басшыны зауыт ұжымына «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.

«ҚазМұнайГаздың» мәліметінше, Мұратжан Мұсайбеков әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүйесінде түрлі қызмет атқарған. Ол «ҚазМұнайГазда» мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия жобаларын іске асыру жөніндегі директор, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директор, «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, сондай-ақ «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке құрылымдарда да жұмыс істеген.

Ұлттық компания жаңа бас директордан зауыттың операциялық тиімділігін арттыруды, ашық түсті мұнай өнімдерін, оның ішінде бензин мен авиациялық керосин өндірісін ұлғайтуды, кәсіпорынның тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және экологиялық жобаларды жүзеге асыруды күтетінін атап өтті.

АМӨЗ-де не болып жатыр?

Біздің дереккөз бұған дейін Мұратжан Мұсайбековтің жақын арада тағайындалатынын хабарлаған еді.

Қуаныш Бишімовтің қызметтен босатылуының нақты себептері әзірше белгісіз. Оның басшылығы кезінде АМӨЗ-де ірі апаттар немесе төтенше жағдайлар болмаған.

Дереккөз зауыт басшылығының ауысуын кәсіпорында қолға алынған ауқымды жаңғырту бағдарламасымен байланыстыруы мүмкін екенін айтты. Жоба жүзеге асқан жағдайда мұнай өңдеу көлемін қазіргі 5,5 млн тоннадан 6,2-6,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Мұратжан Мұсайбеков кейінгі бес жылдағы АМӨЗ-дің алтыншы бас директоры болды. 2021 жылдан бері бұл қызметті кезекпен Шухрат Данбай, Арман Қайырденов, Мұрат Досмұратов, Ғалымжан Жусамбаев және Қуаныш Бишімов атқарған.

Мұсайбеков кім?

52 жастағы Мұратжан Мұсайбековтің үш жоғары білімі бар: экономикалық, заңгерлік және мұнай-химия салалары бойынша.

Еңбек жолын салық инспекторы болып бастаған. Кейін тау-кен саласында жұмыс істеп, 2006–2008 жылдары «Васильевский ГОК» АҚ атқарушы директоры, ал 2008-2009 жылдары «Алтыналмас АК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.

«ҚазМұнайГаз» құрылымдарында 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. «КМГ–ПМ» АҚ-да (ҚМГ-ның бұрынғы еншілес ұйымы) бірқатар басшылық қызметтер атқарған.

2018 жылдан бастап АМӨЗ басқарма құрамына бас директордың корпоративтік басқару жөніндегі кеңесшісі ретінде кірді. Ал 2019 жылдан бастап «ҚазМұнайГазда» мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды.

Бұған дейін Мұратжан Мұсайбековтің есімі Еуропалық одақ сарапшыларының БАӘ-дегі элиталық жылжымайтын мүлік иелері туралы жариялаған зерттеуінде аталған.

ҚМГ топ-менеджері Біріккен Араб Әмірліктерінен қымбат баспана сатып алған қазақстандықтардың тізімінде болған. Сарапшылардың мәліметінше, оған Sadaf 6 тұрғын үй кешеніндегі құны 650-700 мың доллар тұратын үш бөлмелі пәтер тиесілі болған.

Сонымен қатар Мұратжан Мұсайбеков – мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің ағасы.

Сәкен Мұсайбеков 2021 жылы алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Ол Дубайға ұшып кетпек болған кезде Астана әуежайында ұсталған. Сол кезде шенеуніктің жанынан құны 10 мың доллар тұратын Hermes әйелдер сөмкесі және тағы 5 мың доллар қолма-қол ақша табылған.

Тергеу мәліметінше, бұл қаражатты ол букмекерлік кеңсенің мүддесін қолдағаны үшін алған.

Дегенмен, бұл дауға қарамастан, Сәкен Мұсайбеков түрмеге қамалмай, кейін мемлекеттік қызметтегі мансабын жалғастырған.