ҚазМұнайГаз Қашағанға қатысты қойылған талап туралы ақпаратты жоққа шығарды

Ulysmedia
ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Астанада өткен баспасөз мәслихатында америкалық ExxonMobil компаниясы Қашаған кен орнының батыс бөлігін игеру бойынша құны 80 млрд доллар болатын жобаны NCOC инвесторларына қатысты талаптарды қайтарып алу шартымен ұсынды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚМГ басшысы не деді

– Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Мен бұл жаңалықты оқыдым. «ҚазМұнайГаз» Bloomberg жариялаған ақпаратты растамайды, – деді Асхат Хасенов.

ҚМГ басқарма төрағасы ұлттық компанияның ExxonMobil-мен бірқатар жобаны жүзеге асыратынын айтты. Алайда оның сөзінше, Қашағанның батыс бөлігін игеру туралы әзірше әңгіме болып отырған жоқ.

– ExxonMobil – «ҚазМұнайГаздың» серіктесі. Көп жылдан бергі сенімді серіктесіміз. Бізде олармен технологияларды дамытуға қатысты бірқатар келісім бар. Бұл тек қазіргі кен орындарын игеруге ғана қатысты емес, біз олармен үнемі серіктестік аясында жұмыс істеп келеміз, – деді Хасенов.

Бұған дейін

Bloomberg ақпарат агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, ExxonMobil Қазақстанға белгілі бір талап қойғанын жазған. Америкалық мұнай алыбы «ҚазМұнайГазбен» Қашаған кен орнының болашағы зор батыс бөлігін бірлесіп игеруге дайын екені, оның орнына инвесторларға қатысты арбитраждық дауды реттеуді және NCOC консорциумына кіретін инвесторларға экологиялық заң бұзушылықтар бойынша қойылған талаптарды қайтарып алуды сұрағаны айтылған.

ҚР Энергетика министрлігі біздің сауалымызға берген жауабында бұл ақпаратты растайтын мәліметтердің өздерінде жоқ екенін хабарлады.