ФИФА президенті Джанни Инфантиноның айналасында жаңа дау шықты. Daily Telegraph жариялаған зерттеуде оның УЕФА-да жұмыс істеген кезінде өзімен қарым-қатынаста болды деген әйел қызметтен кеткенде ұйымнан қомақты өтемақы алғаны айтылады. Инфантино бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Инфантино 2009-2016 жылдары УЕФА-ның бас хатшысы болған, кейін ФИФА-ны басқарды.
Журналистердің дерегінше, сол кезеңде төрт баласы бар үйленген шенеуніктің УЕФА-да төменірек әкімшілік қызмет атқарған әйелмен қарым-қатынасы болған деген болжам бар.
Басылымға бұрынғы әріптестері әйелдің алдымен қызметі өсіп, жалақысы артқанын айтқан.
Кейін УЕФА-ның сол кездегі президенті Мишель Платинидің наразылығынан соң, әйелдің ұйымнан кетуі жөнінде келісіліп, оған өтемақы төленген деген мәлімет бар.
Daily Telegraph бұл соманың алты таңбалы болғанын жазады.
Бұл қаражаттың бір бөлігі әйелдің бизнес-мектептегі MBA бағдарламасында оқуына жұмсалған. Оның оқу ақысы жылына шамамен 45 мың фунт болған.
Зерттеу деректеріне қарағанда, кейін Инфантино өз байланыстарын пайдаланып, әйелге осы салаға жақын әрі жалақысы жоғары басқа жұмысқа орналасуға көмектескен болуы мүмкін.
УЕФА не дейді?
Басылымның жазуынша, УЕФА өтемақы төленгенін растаған.
Ұйым Инфантино мен қызметкер әйелдің арасында қарым-қатынас болды деген болжамдардан хабардар болғанын да мәлімдеген.
Сонымен бірге УЕФА төлемдер сол кезде қолданыста болған ережелерге сай жүргізілгенін атап өтті.
Кейін ұйымның ішкі талаптары ірі қоғамдық құрылымдарға қойылатын қазіргі талаптарға сай күшейтілген.
Инфантино бәрін жоққа шығарады
ФИФА бұл айыптауларды жалған деп атады.
- ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Олар шындыққа мүлде жанаспайды. Оның тарапынан орынсыз әрекет болды немесе жарғы мен ереже бұзылды деген кез келген ишара жала болып саналады, - деді ұйым өкілі.
ФИФА немесе УЕФА қызметкерлерінің ешқайсысы Инфантиноның әрекетіне байланысты ешқашан шағым түсірмегенін мәлімдеді.
Бұл алғашқы дау емес
Жаңа мәліметтер ФИФА басшысының айналасындағы өзге даулардың тұсында жария болды.
Бұған дейін Инфантино әлем чемпионаттарына жеке инвесторларды тарту идеясына байланысты үлкен қысымға ұшыраған.
Бұл жоспар УЕФА тарапынан қатты сынға алынды.
Одаққа кіретін 55 ұлттық футбол федерациясының барлығы ФИФА-ға бойкот жариялауы мүмкін екенін ескерткен.
Мароккода өткен ФИФА басшылығының шұғыл отырысында Инфантино қателік жібергенін мойындады. Ол кезде бұл жоспар кері қайтарылып қойған еді.
Кейін Инфантино мен ФИФА-ның бас хатшысы Маттиас Графстрём кешірім сұрап, мұндай жағдайға енді жол бермейтіндерін айтты.
Соған қарамастан ФИФА мен УЕФА арасындағы қарым-қатынас әлі де шиеленіс тұр.
Еуропалық одақ Инфантино басшылығына сенім азайғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар Инфантино Еуропадан тыс бірқатар футбол ұйымдарының қолдауын сақтап отыр. Олардың арасында Африка мен Оңтүстік Америка конфедерациялары, сондай-ақ Мексика мен Аргентина футбол қауымдастықтары бар.