Павлодарлық 27 жастағы Марина Харчук 18 жылға жуық уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған. 6 тамызда оған екі бөлмелі пәтер берілетіні туралы хабарлама келген. Алайда қуанышы су сепкендей басылды. Деректері тексерілгеннен кейін жүйе отбасының табысына байланысты бас тартқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Марина бала кезінде ата-анасынан айырылып, тұл жетім мәртебесін алған. Ол 2008 жылы әлеуметтік тұрғын үй кезегіне қойылған. 6 тамызда телефонына 1414 нөмірінен хабарлама келген. Қызға ауданы 81 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер берілгені хабарланған.
Марина баспананы алуға келісімін растап, түгендеу рәсімінен өткен. Алайда келесі кезеңде құжаттарды әрі қарай рәсімдеудің орнына жүйеден бас тарту туралы хабарлама шыққан.
– 18 жылға жуық күткеннен кейін бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Алайда «Жалғастыру» батырмасын басқан соң, жүйе табысымыз белгіленген талаптарға сәйкес келмейтініне байланысты бас тартқанын көрсетті, – деді ол.
Павлодарлық қыз «Отбасы банкке» жүгінген. Банк оған отбасының жалпы табысы есепке алынатынын түсіндірген.
Қазір Марина тұрмыста, кішкентай қызын тәрбиелеп отыр. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Маринаның ай сайынғы табысы шамамен 300 мың теңге, жұбайы да осы шамада ақша табады. Оның айтуынша, банк үш адамнан тұратын отбасы үшін шамамен 350 мың теңге көлемінде табыс шегі белгіленгенін айтқан. Ал олардың жалпы табысы бұл көрсеткіштен асып кеткен.
«Онда баланы қалай асырау керек?»
Қыз осынша жыл кезекте тұрғаннан кейін табысының баспана алуға кедергі болғанын түсінбейді. Ақшаның басым бөлігі пәтер ақысына, балабақшаға, азық-түлікке, киім-кешекке және несие төлемдеріне жұмсалады.
– Отбасымды қамтамасыз ету үшін көбірек табыс тапсам, баспана алу құқығынан айырылуым мүмкін. Ал аз табыс тапсам, баланы қалай асырап, пәтерақыны қалай төлеймін? Мен үшін бұл пәтер жай ғана төрт қабырға емес, 18 жылға жуық күткен еңбегімнің нәтижесі, – дейді Марина.
Енді ол әуелі пәтер берілетіні туралы хабарлама келіп, кейін не себепті бас тартылғанын түсіндіруді талап етіп отыр. Сондай-ақ отбасы табысының қандай тәртіппен есептелгенін және оның жағдайын қайта қарау мүмкіндігі бар-жоғын білгісі келеді.
Банкте заң бұзушылықтар анықталған
Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» қызметкерлері арасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпарат жарияланған еді.
Банк есебінде кейбір қызметкерлер клиенттер мен делдалдарға көмектескені үшін заңсыз сыйақы алғаны айтылған. Анықталған жағдайлардың арасында тұрғын үй кезегін ақша үшін жылжыту фактісі де болған.
Сонымен қатар филиалдардың бірінде қызметкер клиенттердің несие қабілеттілігін растауы үшін олардың табысы туралы құжаттарды қолдан жасаған. Бұл қызметкерлермен еңбек шарттары бұзылып, материалдар құқық қорғау органдарына берілген. Бірнеше факті бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.